Елімізде балық пен теңіз өнімдері қымбаттап, өндірісі қысқарды

Елімізде балық пен теңіз өнімдері қымбаттап, өндірісі қысқарды bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 29 қазан, 2024

Биыл балық өнеркәсібі нарық қажеттілігін толық өтей алмады

Қазір Қазақстанда балық пен теңіз өнімдері 7% қымбаттаған. Ал өзіміздегі өндіріс, керісінше, азайды, деп жазды Enrgyprom.kz.

Биыл қаңтар-қыркүйекте консервіленген 9,3 мың тонна балық, сондай-ақ уылдырық пен оның алмастырғыштары өндірілді. Бұл – былтырғымен салстырғанда 10,5% аз.

29,1 мың тонна жаңа ауланған, салқындатылған немесе мұздатылған балық өндірілді. Ол да былтырғыдан 19% аз болып тұр. Ал шаян тәрізділер мен ұлу өндірісі еш өзгеріссіз қалды.

Консервіленген балық пен уылдырық негізінен Түркістан, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында, жаңа ауланған және мұздатылған балықтар Атырау, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында, ал шаян тәрізділер мен ұлу тек Павлодар облысында өндірілді.

Биыл балық өнеркәсібі нарықтағы қажеттілікті толық қамтамасыз ете алмады. Қаңтар-шілде айларында жергілікті компаниялар өңделген және консервіленген балықтарға, шаян тәрізділер мен ұлуға сұранысты (ішкі нарықта сатуды және экспортты) небәрі 46,9% қамтамасыз етті. Осы кезеңде қазақстандық өндіріс 11,4%, яғни 31,5 мың тоннаға дейін қысқарды.

Биыл 7 айда Қазақстан экспортқа 10,7 мың тонна өнім жіберді. Бұл – былтырғымен салыстырғанда 25,4% аз. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша, бұл өнім бөлшек саудада 7,3% қымбаттаған.

Маңғыстау облысында балық пен теңіз өнімдерінің бағасы 20,6%, Шығыс Қазақстанда 15,1%, Ақтөбеде 13,8%-ға дейін өскен. Тек Астана (0,4%) мен Түркістан (2,7%) облысында балық бағасы аса қымбаттамаған.