Виктор Цойдың салған суреті аукционда рекордтық бағаға сатылды
Абсолютті әлемдік рекорд жоғарғы эстимейттен 5 есе асып түсті
Аты аңызға айналған музыкант, ақын және актер Виктор Цойдың жұмысы рекордтық 76 972 еуроға (40 527 297 теңге) сатылды.
Ресейдің Vladey заманауи өнер аукционының мәліметі бойынша, қайырымдылық шарасы сенбі күні өткен. Ал оның алдында аукционға дейінгі көрме болған.
Бұл Виктор Цойдың көркем шығармашылығына тән сурет – басы төртбұрышты адам екендігі түсіндіріледі. «Кино» тобы лидерінің көркем шығармаларының көп бөлігі фломастермен салынған суреттерден тұрады.
Алдымен рок-музыкант ретінде танылған Виктор Цой академиялық сурет салу дағдыларын меңгерген, көркемдік білімі бар, графика, кескіндеме және ағаш оюмен айналысқан. Жас кезінде ол бірнеше жыл көркемсурет мектебінде, содан кейін В.А. Серов атындағы Ленинград көркемсурет мектебінде көркемдеуші мамандығын оқыған. Кейін ағаш оюшы білімін таңдаған.