Сөре

Біздің нарықты татар, башқұрттың тәтті «қымызы» жаулай ала ма?

Ұлттық тағамдардың қадірін өзіміздің саудагерлер қашырып әлек

Еліміздегі дүкен сөрелерінде Башқұртстан мен Тартарстанда қатар өндірілетін қымыз тұр. Бір шишасының бағасы – 1020 теңге. Жарты литрлік қоңыр шишаға құйылған өнімнің бөлме температурасында сақтау мерзімі – 21 күн. Ал дәмі...

Жалпы, қай елде де қымыз бен шұбат өндірісінің әлі дұрыс жолға қойылмағанын байқап жүрміз. «Таң», «Тандем» брендтерінен түк айырмашылығы жоқ ашымалдың ыдысы сыртында ғана «Қымыз», «Шұбат» деген жазулар бар. Ал бәрінің көпіршіген түрі мен дәмі бірдей. Жай ғана газдалған сусын өндіретін зауыттың жасанды өнімі дер едік.

Қаладан қол өнімінің де жетісіп тұрғанын таба қою қиын. Таза қымыз бен шұбаттың дәмін ауылға жолыңыз түскенде ғана тата аласыз. Әсіресе Арқаның тобылғымен ысталған күбіде әбден бабына келтіріп пісілген, бетінде қара майы қалқып жүретін, дәмі таңдайдан кетпейтін бал қымызы мен Маңғыстау өңірінің қою шұбаты керемет.

Астана базарлары мен көшеде «қымыз» деп сатып тұрған дүниелерді көрдік. Дәмін таттыру үшін пластик ыдыстың бармақтай қақпағына құйып береді. Өмірінде ауылдың қымызын ішіп көрмеген немесе бұрынғы дәмді ұмытып қалған жұрт соны тамсана сіміріп жүр. Бірақ кезінде бір алыпсатар олардың да әлгі «Таң», «Тандемді» қосып жіберіп, араласатыра салатын күріштің суы екенін айтып берген-ді.

bai-bol.kz

Қазақта «сатылатын дүние ғой» деген түсінік пайда болғалы қай заман?! Сол себепті қазір біз қара базар мен «жабайы саудаға» алып шығатын сүт өнімдерін тұтынудан қалып барамыз. Қаймақ, май (маргарин қоспасы), қымыз, шұбат дегендерің су татиды, құрты ақбалшық сияқты. «Құрт» демекші, оның да көбін нарықтағы бәсекелестер «күріштің ұнынан жасалған» деп шетке ысыра бастаған.

Осылайша, ұлттық тағамдардың қадірін өзіміздің саудагерлер қашырып әлек. Сапаға салақ қарайтын пайдакүнемдік тұтынушыларды сөредегі «қол өнімі» деген дүниеге жолағысы келмейтін жағдайға дейін алып келді. Енді оларды жиі тексеріп тұруға тағамтану саласы мамандарын көптеп жұмылдырып, мемлекеттік деңгейде қатаң қадағаламаса болмайды. Әйтпесе мынау түрімізбен өзге жұрттың қазақтың қол өніміне деген жиіркенішін тудырып алуымыз әбден мүмкін. Осылай кете берсек, көп ұзамай олардың «әлдеқандай етіп жүрген ұлттық тағамдары түкке тұрғысыз, дәм жоқ, тату жоқ бірдеңе екен ғой» деп жүрмесіне кепілдік бере алмай қаламыз.

Сонымен, татар, башқұрт ағайындардың да «қымызының» дәмін татып көрдік. Көпіршіген көбігі басым. «Коладан» бетер пысылдап тұр. Дәмі қымыздікіне маңайлай да алмайды. Құрамында қанты көбірек болып көрінді.

Нарықта таза ұлттық бренд қалыптастырып, қымыз, шұбаттың табиғи дәмін қайтара алатын жанашыр кәсіпкерлер белсене шықса, мархабат! Мына біздің көкейдегі ұлттық тағамға деген күдік-күмәнді сейілте білулеріңіз керек-ақ.