Бұқараның қаржылық сауаты 1 млрд теңгені игеруге жете ме?
Бірнеше пәтер алу, қыдыру, той-томалаққа шашылу әдетіне ерік бергісі келетіндер басым
Биыл қаржылық сауат мәселесі жиі қозалып кетті. Саусақ ұшын қимылдатпай, тез байып кетуді көздейтін қара халықтың алаяқтардың арбауына жиі түсіп қала беретіні «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алуға да әсер етті. Осы орайда біз желі қолданушыларына «Қазір өзіңізде 1 миллиард теңге болса, не істер едіңіз?» деген сұрақ қойып көрдік.
Сұраққа жауап бергендердің дені осынша қаржыны дұрыс игере алмайтынын аңғартты. Қарапайым екі қазақтың бірі айтатын бірнеше пәтер алу, қыдыру, той-томалаққа шашылу әдетіне ерік бергісі келетіндер басым. Мысал келтіріп көрейік...
Бұны 1 миллиард теңгенің басына осылайша су құйып тастайтын бір топ деп қойыңыз. Оп-оңай шаша салуға бейім. Ал екінші топтың арманы олардікінен асқақтау. Оқып көріңіз...
Бұлар – егер қолында 1 млрд теңге болса, оны қомақты пайда әкелетін кәсіп көзіне айналдырып, ішкі нарықта тәуір айналым жасағысы келетін, алғашқы соманы құрығанда депозит, акция арқылы көбейтіп отыруды мақсат тұтатын табыскер болғалы тұрған топ.
Ал үшінші топ әзір нақты не істей алатынын білмейді. Тіпті, «Не бұл? 1-сыныптың сұрағы ма?» дегендей қарсы сұрақ қойып, «1 миллиард теңге» деген көрсеткішті ой таразысына салып көрмегендер де бар. Енді кейбірі «Тек қана қайырымдылық істеріне жұмсар едім», «Жоқ-жітіктерге таратып беремін» деп әлден атымтайжомарттық танытып отыр. Кім білсін, көбіне пенденің көз алдындағы бума-бума банкноттың буы ондай кеңшілікке жол аша бермейді ғой...
Осы ой-армандардың қорытындысын Есет Қалманов атты желі қолданушы жақсы жасағанға ұқсайды.
Ащы да болса, қоғамның дәл «диагнозы» осы ма деп қаласың кейде. Сондай-ақ тағы бір шындықты Нако Қабдықайырқызы айтты.
«Армандар орындалады», «Адам болатын бала алысқа қарайды» дегендей кең ұғымға салсақ, 1 млрд теңгені одан да зор кәсіп, мол нәсіп еткісі келетіндердің мақсаты түбінде бір орындалуға тиіс. Жалпы, ондай қомақты қаржы қадірін білетін қолға құтаяды.