Әмиян

Жетісу облысының дәрігерлеріне 10 млн теңгеден беріледі

Жыл сайын облысқа 80-ге жуық жас маман келеді

Жетісу облысында медициналық кадрларды тарту үшін алғаш рет ауылдық жерге жұмысқа келетін дәрігерлерге 10 млн теңгеге дейін көтерме төлемдер төлене бастады. Ал қалада жұмысқа орналасқан мамандар 5 млн теңгеден алады, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Әлеуметтік қолдау пакеті мен қаржылық ынталандырудың арқасында биыл 9 дәрігер ауылға барып еңбек етіп жүр. Тағы 16 дәрігер облыс орталығында жұмыс істеуге қалды. Жыл соңына дейін шілдеден қазанға дейін жұмысқа қабылданған тағы 45 дәрігерге көтерме ақы төлеу жоспарланып отыр. Бұл мақсаттарға бюджеттен 595 млн теңге бөлінген.

Жыл сайын облысқа 80-ге жуық жас маман келеді. Солардың бірі – 6 ай бұрын Алакөл ауданы орталық ауруханасының бөлімшесіне жұмысқа келген, 17 жылдық еңбек өтілі бар хирург Нұрмұхамед Байжанов. Ол қолдау ретінде 10 млн теңге көлемінде көтерме төлем алып, жергілікті әкімдік оның отбасына жағдай жасаған.

Айта кетері, президенттің тапсырмасымен ауылдық жерлерге жұмысқа келетін аса тапшы мамандықтар бойынша медицина қызметкерлері 100 ЕТЖ немесе 8,5 млн теңге алады.