Қандастардың бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы берілді
Жыл басынан бері 575-і тұрақты жұмысқа орналасқан
Биыл 14 391 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, «қандас» мәртебесін алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Жалпы, 1991 жылдан бері елге 1 млн 142,7 мың этникалық қазақ оралған. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.
Қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы мына өңірлер анықталды:
- Ақмола облысы;
- Абай облысы;
- Қостанай облысы;
- Павлодар облысы;
- Шығыс Қазақстына облысы;
- Солтүстік Қазақстан облысы.
Жоғарыда аталған өңірлерге қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мынадай мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады:
- бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне – 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде;
- тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-тен 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан бері 2 140 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Атап айтқанда, 575 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Биыл 1 қазандағы жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны – 57,6%, еңбекке қабілетті жастан кіші – 33,1% және зейнеткерлер – 9,3%. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша, 17,9%-ы – жоғары білімді, 24,4%-ы – орта кәсіби білімді, 54,4%-ы – жалпы орта білімді және 3,3%-ының білім жоқ.
Таратылған ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан бері Қазақстанға қандастардың көп бөлігі мына елдерден оралған:
- 45,8%-ы – Қытайдан;
- 39%-ы – Өзбекстаннан;
- 5,9%-ы – Моңғолиядан;
- 5,2%-ы – Түрікменстаннан;
- 2,9%-ы – Ресейден;
- 1,2%-ы – басқа елдерден.