Назарбаевтың Маргарет Тэтчерге сыйлаған ордені сатылымға қойылды
Лоттың бағасы – 7,9 миллион теңге
Экс-премьер-министр Маргарет Тэтчерге берілген Қазақстан ордені британдық Peter Harrington антиквариат сайтында сатылымға шығарылды. Бұл награданы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тэтчерге екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытудағы елеулі үлесі үшін табыс еткен болатын.
Лоттың бағасы – 12,5 мың фунт стерлинг, яғни 7,9 миллион теңге. Марапатқа асыл тастармен безендірілген төсбелгі, жұлдыз және иық жолағындағы орден белгісі кіреді. Олар көк барқыт астарына орналастырылған. Жинаққа ақ атласты астармен безендірілген және «Достық» жазуы бар түпнұсқа қорап та кіреді. Сондай-ақ жезден жасалған ілгектері бар.
Орден жақсы сақталған, бірақ сипаттағанда сәл тозғаны туралы айтылды. Бұл лот коллекционерлер мен тарихшылардың назарын аударды.
Кейін ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев Маргарет Тэтчерге берілген «Достық» орденінің интернет-дүкенде сатуға шығарылуына қатысты пікір білдірді.
Біріншіден, Маргарет Тэтчердің аты аңызға айналған тұлға екенін ескеру қажет. Тарихта белгілі бір рөл атқарған тұлғалардың жеке заттары, кітапханалары, марапаттары аукционға қойылып жатады. Бұл – олардың мәдениетінің бір бөлігі, ұлттық ерекшеліктері, – деді министр.
Алайда осылайша мемлекеттік наградаларды сатуға Қазақстанда жол берілмейтінін ескерген жөн.
Бұл үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ал мемлекеттік наградаларды сататын және саудалаған адам жауапқа тартылуы керек, – деді Азамат Есқараев.