«Ельмурат ата атындағы Зульфия дүкені» - иесі ол атауды ерігіп қоя салмаған
Мен үшін үлкен мағынасы болғанмен, халық оны білмейді, - дейді ол
Әлеуметтік желіде Шымкент қаласындағы азық-түлік дүкенінің атауы көпшіліктің назарын аударды. «Ельмурат ата атындағы Зульфия дүкенінің» иесі жұртты таңғалдырған нысан атауы туралы әңгімелеп берді, деп хабарлады Massaget.kz тілшісі.
«Ельмурат ата атындағы Зульфия дүкені» – Шымкент қаласының Мырзакент ауылында орналасқан қарапайым азық-түлік дүкені. Десе де сол «қарапайым дүкен» бірнеше күннің ішінде TikTok платформасында хитқа айналды. Көпшілік дүкеннің атауына қатысты түрлі реакция жасап, әзілге айналдырып жатыр. Ал дүкен иесі Юсуфжан мырза бұлай атауының үлкен себебі бар екенін түсіндірді.
Бұл дүкен негізі 3 жыл бұрын ашылған. Ельмурат деген – менің туған атам. Құжат бойынша ЖК (жеке кәсіпкер) иесі ретінде сол кісі белгіленген. Атам – ауыл арасында үлкен беделге ие кісі. Ауылымызда мешіт ашуға себепкер болған жан. Кейін ауыл тұрғындары мешітті атамның құрметіне атаған еді. Дүкенді де басында «Елмурат ата дүкені» деп қойған едім. Бірақ осыдан бір жыл бұрын мен үшін өмірімдегі ең қайғылы жағдай болды. Дүкеннің ішінде кішігірім ас бөлмесі болатын. Бір жағында анам бәліш пісіріп сататын, бір жағында досым лавашпен айналысатын. Бір күні оқыс жағдай болып, ас бөлмеде газ баллоны жарылып, анам қатты күйіп қалған еді. Дәрігерлер жағдайын аса ауыр деп бағалап, көп ұзамай дүние салды. Бұл – мен үшін орны толмас қайғы. Анамның есімі – Зульфия. Анашым маған осы дүкенді бастағанымда «тастама балам, тек алға, кәсібіңді тоқтатпа» деп қолдау білдірген еді. Сол сөзін еске алып, қайта жөндеу жұмысын жасап, әкеммен ақылдасып, дүкеннің атауын атамның және анамның құрметіне қоямын деп шештік. Кейін қызым дүниеге келді. Қызымның есімін анамның құрметіне Зульфия деп қойдым, - деді дүкен иесі.
Сондай-ақ Юсуфжан Куштаев желі қолданушыларының реакциясына аса мән бермегенін, барлығына түсіністікпен қарайтынын жеткізді.
Көбі маған осы видеоны жібере бастады. Сенің дүкенің танымал болып жатыр деп бөлісіп жатты. Пікірлер бөлімін қарасам, көбі әзілге айналдырып, түрлі пікір жазып жатыр екен. Бірақ мен оған еш ренжімеймін. Мен үшін үлкен мағынасы болғанмен, халық оны білмейді ғой. Кімге түсіндіріп жатасың? - дейді ол.
Юсуфжан мырза Мырзакент ауылындағы орта мектепте әлеуметтік педагог ретінде қызмет атқарады. Жеке кәсібінен бөлек, ұстаздық жолды мұрат еткен ол – ағылшын-араб тілдерін меңгерген маман.