Қазақстанда легионерлерге бюджеттен 1 тиын да берілмейді

Қазақстанда легионерлерге бюджеттен 1 тиын да берілмейді fckairat.com
bai-bol.kz bai-bol.kz | 22 қазан, 2024

Президент шетелдік спортшыларға азаматтық беруді доғару керектігін ескерткен-ді

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев бюджеттен шетелдік спортшыларға ақша бөлінбейтінін айтып, халықтан сүйінші сұрады. Оның айтуынша, тиісті заң нормасын Үкімет қолдаған.

Сондай-ақ ол адам естімеген спорт түрлеріне ақша беріп келген министрліктің шешімі де тоқтатылып, 180 спорт түрі қысқартылатынын атап өтті.

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңы 49-бабының

  • 1- бөлігі: Қазақстан Республикасының азаматтары саналмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруды іске асыруға тыйым салынады;
  • 2-бөлігі: Қазақстан Республикасының азаматтары саналмайтын спортшыларды квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді.

Сонымен қатар, 49-баптың 6-тармағына (Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру) сәйкес жазылады. Онда бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мынадай бағыттар бойынша іске асады:

  • жоғары жетістіктер спорты, оның ішінде спорттың басым түрлері;
  • мемлекеттік спорт ұйымдарының жұмыс істеуі;
  • бұқаралық спорт;
  • спорттық инфрақұрылымды дамыту, – деп жазды депутат желідегі парақшасына.

Еске сала кетсек, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Париж олимпиадасындағы спортшылар мен бапкерлерді салтанатты жиында жетістіктерімен құттықтап, шетелдік спортшыларға азаматтық беруді доғару керек екенін айтқан болатын. Оның айтуынша, кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн.