Билік

Жетісу облысында шенеунік пен кәсіпкер дәретхананың ақшасын жеп қойған

Олар жалпы сомасы 74,7 млн теңгеге 5 шарт жасасқан

Жетісу облысында туристік нысандарға қоғамдық дәретхана орнату үшін бөлінген қаржыны жымқырған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы мен мердігер ұйымның директоры сотталды.

Соттың мәліметінше, мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша Сарқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы мен «СтеклоПро» ЖШС-ның директоры туристерге арналған қоғамдық дәретханалар орнату және абаттандыру бойынша жалпы сомасы 74,7 млн теңгеге 5 шарт жасасқан. Дәретханалар 2020 жылдың соңына дейін орнатылуы керек болған.

Кәсіпкер жұмысты бастағандай болып көрініп, бірақ соңында ештеңе істемеген. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы жалған актілерге қол қойған. Соған сәйкес, облыстағы туристік нысандарға дәретханалар орнатылып, ЖШС есепшотына 74,7 миллион теңге ақша аударылған.

Сот ЖШС директорын ақша жымқырғаны үшін кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырып, дәл сондай мерзімге мемлекеттік сатып алуға қатысуға байланысты кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырды. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан және 4 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.