Бюджеті 600 млн теңгеден асатын «Қажымұқан» фильміне адам бармай жатыр
Мемлекет қаржысына түсірілген оны жекеменшік кинолар он орап алды
Қоғам белсендісі Сәбит Рысбаев Facebook-тегі парақшасында Қанағат Мұстафиннің 12 жыл бойы түсірген «Қажымұқан» фильмін сынға алып, сол үшін мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражаттың жұмсалғанына қынжылыс білдірді.
Ол осындай мемлекет бюджетінен түсірілген фильмдерге қарағанда, жекеменшік фильмдердің әлдеқайда көп қаражат жинайтынын атап өтті.
Кеше әлеуметтік желіде режиссер Қанағат Мустафиннің «кинома адам келмей жатыр» деген Ресей тіліндегі постын оқып қалдым. Содан «Қанеке, білуімше, Ақпарат министрлігі 600 миллион теңге бөлген деп естідім. Дәл қазір кинопрокаттарда болып жатқан «Адал алаяқтар» киносы 3 күнде 169 миллион теңге жинады. Қырғыздардың «Жұмақ» фильмі 4 күнде Қазақстаннан 1 миллион доллар жинады. Ол кинолардың бюджеті сізден неше есе төмен екенін білесіз бе?» деп сұрадым. Қанекең «мен қосымша 65 миллион теңге салдым» деп жауап берді. «Мәселе сонда болып тұр ғой. Ақшаның басым бөлігін мемлекет берген. Бюджеті аз «Міржақып» қанша касса жинады?» дегенмін. Мені бандап тастады, - дейді Сәбит Рысбаев.
Оның айтуынша, мәселе осы ауаға ақша шашуда болып тұр. Мемлекет бюджет қаржысын аямай бөледі, бірақ ол киносына адам бармайды.
Сосын отырамыз, «анау жаман, мынау жаман, қазақтар кино көрмейді» деп. Жекенің киносы болса, жақсы шығады. Мемлекет ақшасын көбейтсе, ырың-жырың басталады. Неге осылай екен? Жекенің түсірген «Адал алаяқтар» киносы 3 күнде мемлекеттен ақша бөлінген «Қажымұқанды» он орап алды, - дейді жазба авторы.
Еске сала кетсек, бұған дейін «Қазақфильмнің» көрермен жинай алмай жатса да билет бағасын түсірмейтінін жазған болатынбыз. Сондай-ақ бюджеттен 1 млрд теңгедей қаржы бөлінген екі фильм прокатқа шықпай қалған.