Билік

Еліміздегі инфляция былтыр 2 есе төмендеген

Соңғы 2 жылдағы тікелей шетелдік инвестиция – соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі

Биыл Қазақстан экономикасы кемінде 5,3% өсуі мүмкін, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

2023 жылдың қорытындысына сәйкес, ел экономикасы жаңа жағдайларға бейімделіп, орнықты даму жолына түскен. Сонда қабылданған шаралар нәтижесінде экономиканың өсімі 5,1% болды.

Негізгі салалардың барлығы оң динамика көрсетіп отыр. Мысалы, құрылыста – 13,3%, саудада – 11,3%, ақпарат және байланыс қызметтерінде – 7,1%, көлік қызметінде – 6,9%, өнеркәсіпте – 4,3%.

Негізгі капиталға салынған инвестиция 13,7% өсті. 2023 жылы тікелей шетелдік инвестицияның көлемі 19,7 млрд доллар болған. Оның ішінде 11 млрд доллардан аса қаржы шикізаттық емес секторларға бағытталды. Жалпы, соңғы 2 жыл бойғы тікелей шетелдік инвестиция көрсеткіші соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады. Олардың жылдық көлемі – 26-28 млрд доллар деңгейінде.

Қазір еліміз ТМД елдері арасында шетелдік инвестицияның жалпы ағыны бойынша көш бастап тұр. Былтыр сыртқы сауда айналымы 2,2% өсіп, 126 млрд доллар болған. Оң сауда балансы 16 млрд доллардан асты. Ал шикізаттық емес экспорт номенклатурасы 141 позицияға өсті.

Қазақстанның халықаралық резервтері 96 млрд доллар болып, оның ішінде Ұлттық қордың активтері 4 млрд долларға өсіп, 60 млрд доллардан асты. Тіпті, біздің экономиканың тәуелсіз рейтингі мен инвестициялық сенімділігін Халықаралық рейтингтік агенттіктердің өзі растап отыр.

Үкімет Ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі кешенді шараларды іске асырып жатыр. Нәтижесінде былтыр ол 2 есе төмендеп, 9,8% болды.

Биыл инфляцияны 6-8% деңгейінде ұстау міндеті қойылды. Енді 2024 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,3%-дан кем болмауға тиіс.