Бұқара

Атырауда прокурордың қалтасынан 20 мың теңге ұрлаған блогер сотталды

Оған дейін супермаркет қызметкерінен 2 млн теңге талап еткен

Атырау қаласының №2 сотында қорқытып алу және ұрлық жасағаны үшін айыпталған блогерге қатысты қылмыстық іс қаралды.

Соттың мәліметінше, жергілікті блогер супермаркеттің сөрелерінен жарамдылық мерзімі өткен тауарларды тауып, кейін полицияға шағымданатынын айтып қорқытып, супермаркет қызметкерінен 2 млн теңге талап еткен.

Полиция келген соң блогер жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді сату және тауарларда мемлекеттік тілде мәліметтердің болмауы туралы арыз жазған. Онымен шектелмеген ол арызын қайтарып алу үшін 39 824 теңгеге азық-түлік алған.

Бірнеше күннен кейін блогер сот процесіне қатысқан әріптесін қолдау мақсатында Атырау қаласының №2 сотына келіп, прокурорларға арналған бөлмедегі ішінде қызметтік киім тұрған шкафты ашып, прокурорлардың бірінің қалтасынан 20 мың теңгені ұрлаған.

Сотталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.