Дубайда Назарбаевтың әйелдері мен туыстарының үйлері көп
Назарбаевтың тағы бір азаматтық некедегі әйелі, екі қызының анасы Гүлнәр Рақышева да инвестиция салған
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған-туыс, құда-жекжаттарының БАӘ-дегі жылжымайтын мүліктерін Азаттық радиосы түгендеді. Шетелдегі элиталық пәтерлер мен үй иелерінің қатарында Назарбаевтың азаматтық некедегі әйелдері Әсел Құрманбаева мен Гүлнар Рақышева және құдасы Берік Имашев та бар.
Әлия Назарбаева
238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы кезінде Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева Instagram-дағы парақшасында халықты сабырға шақырды. Желі қолданушылары геолокацияға қарап, жазбаның Біріккен Араб Әмірлігінде жарияланғанын анықтады. Бұл әрекетінен кейін сынның астында қалған ол жазбасын өшіріп тастады.
Ал британиялық Telegraph басылымы Әлия Назарбаеваның Қазақстаннан 300 миллион доллар алып кеткенін жазды. Бұл ақшаға жеке ұшақ, Лондон мен Дубайдағы сарайлар сатып алынған. Журналистер жүргізген зерттеу нәтижесінде бұл соманың 14 миллион доллары Дубайдан вилла мен бірнеше үй сатып алуға жұмсалғаны белгілі болды.
Әсел Құрманбаева
Дубайдағы қымбат үй иелерінің қатарында Нұрсұлтан Назарбаевтың азаматтық некедегі әйелі Әсел Құрманбаева да бар. Оның Palm Jumeirah аралындағы Aquamarine Residence-31 кешенінің екінші қабатында 3 бөлмелі пәтері бар болып шықты. Нысанның ауданы 210 шаршы метрге тең. Жылжымайтын мүліктің нарықтағы құны 900 миллион теңгеден (2 миллион доллар) басталады. Үйдің жанында бассейн бар, ал аумағында инфрақұрылым айтарлықтай дамыған.
Әсел Құрманбаева «Астана Балет» театрының арт-жетекшісі (құжаттарда оның тегі Құрманбаева болса, театр сайтында Исабаева деп көрсетілген). Оның есімі оффшорлық компаниялар арқылы 30 миллион доллар алғаны туралы халықаралық тергеуде де аталған.
Гүлнәр Рақышева
Назарбаевтың тағы бір азаматтық некедегі әйелі, екі қызының анасы Гүлнәр Рақышева да Дубайдағы Dubai Pearl жобасына инвестиция салған. Оның құрылысы 2002 жылы басталып, 2009 жылы тоқтап қалды. Былтыр ғимарат аяқталмай жатып сүрілді. Рақышева салған инвестициясын қайтарды ма, әлде жаңа жобаға қатысуды жоспарлап отыр ма, ол жағы белгісіз. Жақында оның әлеуметтік желідегі парақшасында «кәсіп бастап, жұмыс істеу» туралы жазбасы пайда болды.
Қайрат Сатыбалды
Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының Дубайда бірнеше пәтері бар. Пәтерлер жағалаудағы Shams-4 тұрғын үй кешенінде орналасқан. Қайрат Сатыбалды 2022 жылы 6 жылға бас бостандығынан айырылды, алайда 2024 жылы мерзімінен бұрын босап шықты. C4ADS мәліметінше, оның бір пәтері өзінің атына, үшеуі азаматтық некедегі әйелі Әсел Бақтиярқызының атына тіркелген. Тағы екі пәтер Қайрат Сатыбалданың әйелдерінің бірі әрі бизнес серіктесі саналатын Саида Қанатбекқызына тиесілі.
Қайрат Сатыбалдының анасы Светлана Назарбаева ұлымен, оның азаматтық некедегі әйелдерімен, тіпті немерелерімен көрші тұруы мүмкін. Оның да Дубайда жылжымайтын мүлкі бар. 75 жастағы Назарбаева кешеннің екінші қабатында тұрды. Сатыбалды әулетіне тиесілі 7 пәтер нарықта шамамен 2 миллиард теңгеге бағаланып отыр.
Алтай Құлыбаев
Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара мен күйеубаласы Тимур Құлыбаев Қазақстандағы ең бай адамдардың қатарында. Forbes-тің мәліметінше олардың байлығы 10 миллиард долларға бағаланып отыр. Олардың ұлы Алтай Құлыбаев Дубайда Palm Jumeirah аралындағы Marina Residences тұрғын үй кешенінде орналасқан пәтерге ие. 14-қабатта орналасқан пәтердің жалпы ауданы – 633 шаршы метр. Оның нарықтағы құны 2 миллиард теңгеден асады.
Раиса және Аманбек Құлыбаев
C4ADS жылжымайтын мүлік тізіліміне сәйкес, 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде құжатта қайтыс болған үй иелерінің аты-жөні көрсетілген. Palm Jumeirah аралындағы Al-Sultana кешеніндегі пәтер Тимур Құлыбаевтың анасы, экс-президенттің құдағиы Раиса Құлыбаеваның атына, ал Abu Keibal-дағы пәтер оның ағасы Аманбек Құлыбаевтың атына тіркелген. Бұл нысандардың бағасы 1 миллиард теңге, яғни 2,4 миллион доллардан асады. Иелері қайтыс болған соң олардың мүлкіне не болғаны белгісіз. Элиталық пәтер мұрагерге өтуі немесе сатылып кетуі мүмкін.
Бексұлтан Құлыбаев
Қанды қаңтар кезінде Бексұлтан Құлыбаев әлеуметтік желіде видео жариялады. Видеода ол «Сендерде атыс болып жатқан жоқ па? Абу-Дабиде атыс басталды» деп сұрады. Осы бейнежазбадан соң Бексұлтан Құлыбаев сынның астында қалды.
Бексұлтан Құлыбаев – Талғат Құлыбаевтың ұлы, Тимур Құлыбаевтың інісі. Оның Palm Jumeirah аралында Al-Sarood тұрғын үй кешенінде құны 500 миллион теңге болатын пәтері бар.
Талғат Құлыбаев
Жылжымайтын мүлік тізілімінде Талғат Құлыбаевтың есімі жазылған. Ол – Бексұлтанның әкесі, Тимур Құлыбаевтың үлкен ағасы. Талғат шетелден 30-қабаттан ауданы 861 шаршы метр пәтер сатып алып, құрылысы тоқтаған Dubai Pearl жобасына инвестиция салған. Құрылыс тоқтатылғаннан кейін бұл мүлікпен әрі қарай не болғаны белгісіз.
Талғат Құлыбаев құқық қорғау саласында қызмет етті. 2010-2018 жылдар аралығында Алматы және Жамбыл облыстарының ішкі істер департаменттерін басқарды, сонымен қатар Ішкі істер министрлігі академиясының бастығы қызметін атқарды.
Жанар Сейдуалиева мен Қорлан Шәріпбаева
Экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева Қаңтар оқиғасынан кейін еш жерде бой көрсетпеді. Осылайша, ол Парламенттен кетсе, оның азаматтық некедегі күйеуі саналатын Қайрат Шәріпбаев QazaqGaz компаниясының басшылық қызметін босатты. Оның бұрынғы әйелі Жанар Сейдуалиева туралы көп ақпарат жоқ. Ол Palm Jumeirah аралында орналасқан The Residence South тұрғын үй кешеніндегі құны шамамен 1,5 миллиард теңге (3,5 миллион доллар) тұратын 328 шаршы метрлік пәтердің иесі ретінде тіркелген. 2015 жылғы құжаттарда Жанар Сейдуалиева мен Қайрат Шәріпбаев ерлі-зайыптылар ретінде көрсетілген, бірақ 2017 жылы бұл ақпарат алынып тасталды.
Қайрат Шәріпбаевтың қызы Қорлан Шәріпбаева да ауданы 195 шаршы метрге тең, анасының пәтерінің жанынан пәтер сатып алды. Оның мүлкі 550 миллион теңгеден (1,25 миллион доллар) асады. Шәріпбаев QazaqGaz-тан кеткеннен кейін компаниядан құны 937 миллиард теңге болатын құқықбұзушылықтар анықталды.
Берік Имашевтің отбасы
Жылжымайтын мүлік тізілімінің мәліметтері бойынша, Дариға Назарбаеваның құдасының да Дубайда жылжымайтын мүлкі бар. Оның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиев Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы басшысы Берік Имашевтің қызы Аида Имашеваға үйленді. ResidenceSouth кешеніндегі ауданы 160 шаршы метрлік, бағасы кемінде жарты миллиард теңге (1,1 миллион доллар) болатын пәтер Нұрәлі Әлиевтің енесі Лейла Адайбекованың атына тіркелген.
C4ADS мәліметінше, Берік Имашевтің ұлы Әлжан сол ғимаратта көлемі 483 шаршы метр, құны миллиард теңгеден асатын кең бірнеше пәтерге иелік етеді. Әлжан Имашев қаңтар оқиғасынан кейін «ҚТЖ – Жүк тасымалы» кәсіпорны директорының орынбасары қызметінен кетті.