«Қойым Дубайға, жылқым Өзбекстанға кетеді» - малды қымбатқа сататын кәсіпкер
Малды егу, вакцина салу, чип салу, стандартизациялау барлығын өзі істейді
Жәнібек Кенжебаев – еліміздегі ең табысты фермерлердің бірі. Аграрлық бизнесті нөлден бастап, 6,5 жыл ішінде мал басын 3 есе көбейткен. Оның фермасындағы қой Дубайға, жылқы Өзбекстанға сатылады. Сондай-ақ әлеуметтік желіде белсенді. Өз бизнесі туралы ақпарат беріп, шаруашылық барысымен таныстырып, тұрақты бейнематериал жариялап отырады. Halyq Uni медианарықтағы ең танымал шаруамен сұхбат құрып, саладағы негізгі түйткілдер мен қызықты жайттары туралы сұрап білген.
Тәжірибе алатын ешкім жоқ, фермерлер шындығын айтпайды
Фермердің айтуынша, Қазақстанда ауыл шаруашылығы – дамымай, ұйықтап жатқан сала. Жаңа бизнес бастаған адамға игеретін білім-ғылым жоқ, тәжірибесін үйренуге үлгі алатын адам жоқ, интернеттен олардың тіршілігі туралы ақпарат табылмайды.
Қаланың баласы болғандықтан, мал өсіру жөнінен еш хабарым жоқ еді. Бүкіл Қазақстаннан тәжірибе алатын адам іздедім, біраз қожалықты аралап шықтым. Сонда ешкім шындығын айтпайды. Себебі біреуі салық төлемейді, біреуі ұрылардан қорқады, біреуі жәй мақтанғысы келеді. Мен сұрағанда «100 биеден 90-95, тіпті 100 құлынға дейін аламын» дегендер болды. Мұндай жетістікке қалай жеткенін сұрағанымда жылқыны күні-түні бағып, ерте көктемде туған құлындарды аяқтан тұрғызу керек екенін және қандай вакциналар салу қажет екенін, қалай санап тұратынын айтты. Мен соның бәрін жасағанның өзінде осы күнге дейін 65%-дан жоғары ала алмадым. Себебі, ол – табиғат, 100 биеден 100 құлын алу мүмкін емес, – дейді ол.
Басты проблема – ветеранария
Оның айтуынша, Қазақстан – әлемде қара тізімде жүрген елдердің бірі, ауыл шаруашылығындағы имиджіміз өте нашар. Елімізден сібір жарасы, бруцеллез, аусыл жыл сайын шыға береді. Сондықтан дамыған мемлекеттер бізден мал мен ет алғысы келмейді.
Оны түзеу үшін вакцинация мәселесін реттеу керек екенін айтады. Оның ішінде сапасы жоғары вакцина қолдану керек.
Ал көрші мемлекеттерде, елімізде шығарылатын вакциналардың сапасы өте төмен. Сонымен қатар, біздің ветстанциялар оны дұрыс сақтамайды. Температуралық режим, тасымал талаптары бұзылады. Ол вакцина зауыттан шаруаның жеріне жеткенше сапасы бұзылып, ақырында әсері болмайды. Оны салғанмен, бәрібір ауру шыға береді, – дейді ол.
Осындай проблема салдарынан бүгінде Жәнібектің шаруа қожалығында не ветеринар, не зоотехник, не арнайы білімі бар механизатор жоқ. Нарықтан табылмайды. Бар болғанның өзінде бағасы өте қымбат. Ал бұл қожалық қаладан алыс болғандықтан, қанша төлесе де маман келмейді. Сондықтан саланы түгел оқып, меңгеруге мәжбүр болғанын айтады. Соның арқасында бизнесмен Жәнібек бүгінде әрі ветеринар, әрі зоотехник болған. Малды егу, вакцина салу, чип салу, стандартизациялау – барлығын өзінің үйренуіне тура келген.
«Мені әлеуметтік желіде Ішкі істер министрі мен орынбасарлары оқиды»
Малды тірілей сатамын. Менен алатын делдалдың бәрі әрі қарай шетелге сатады. Мысалы, қойым Дубайға, ірі қара мен жылқы еті Өзбекстанға кетеді. Мен малымды қымбатқа сатамын. Нарықтағы делдалдың бәрі менің қожалығымды біледі. Әлеуметтік желі арқылы қожалықтың имиджін көтердім. Бәрі Жәнібектің малы ауырмайтынын біледі. Қандай вакцинаны қанша рет салып, қалай емдеп отырғанымызды біліп отыр, - дейді ол.
Сондай-ақ өзін әлеуметтік желіде жазылғандардың арасында Ішкі істер министрі, оның орынбасарлары оқитынын айтады.
Бір рет сұхбатымда ұрлық болғанын, бірақ ешкімнің көмектеспегенін айтқанмын. Бұл ақпарат төбеге дейін жеткен. Олар аудандық полицияға «Неге қарамайсыңдар, қолға алмайсыңдар?» деп бұйрық түсіріпті. Ал полиция қызметкерлері жұмыс істеудің орнына айтқан сөзіме көз жеткізу үшін менің өзімді келіп тексере бастады. Сосын «сөзім өтірік деп арыз жаз» деді. Ақырында жылы жаба салу үшін солай жазып бердім, – дейді Жәнібек.
Қасқырлардың «несібесін» беріп отырамыз
Жәнібек Кенжебаев малшылардың басты проблемаларының бірі – қасқырлармен қалай «ымыраға» келіп отырғанын айтып берді. Оның айтуынша, шаруа қожалығы «Алтын дала» табиғи қорығының қасында ораналасқандықтан, қасқырлар мәселесіне жиі ұшырайды.
Бізге аңшылар келмейді, өзіміз де аңға шықпаймыз. Сол себепті қасқыр көп. Бірақ жыл сайын қасқырдың үлесін береміз. Жылына 5-6 жылқыға дейін кетеді, ол – қарқырлардың өз несібесі. Ол да есебімізге, жылдық жоспарымызға кіреді. Оларды өлтіруге болмайды. Өлтірсек, ауру көбейіп кетеді. «Табиғат санитарлары» дейді ғой, ауру малды жеп қояды, сөйтіп ауру таралмайды, – дейді ол.