Табыс

Қазақстанда қанша көлік тіркелген?

Көрсеткіш былтырғыдан 44,1 пайыз өскен

Қазақстанда тіркелген автокөлік саны 5 579,4 мыңға жетті, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

2024 жылғы тамызда 141,5 мың автокөлік есепке қойылды. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда, көрсеткіш 44,1 пайыз өскен. 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, Қазақстанда тіркелген автокөлік саны – 5 579,4 мың дана. Оның 88 пайызы – жеңіл автокөліктер, 9,9 пайызы – жүк көлігі және 2,1 пайызы – автобустар.

Шығарылған жылдары бойынша 3 жылдан аспайтын автокөліктердің үлесі автопаркте – 6,2 пайыз, шығарылған жылы 3-тен 7 жылға дейінгі көлік үлесі – 13,1 пайыз, 7-ден 10 жылға дейін – 11,9 пайыз, 10 жылдан 20 жылға дейін – 23,8 пайыз, 20 жыл бұрын өндірілген автокөліктердің үлесі – 44,8 пайыз.

Өңірлер бөлінісінде шығарылған жылы бойынша 20 жылдан асқан автокөлік саны Алматы қаласы (206 мың) мен Алматы облысында (361 мың) көп. Одан кейін Жамбыл облысында – 190,5 мың, Қарағанды облысында – 183,3 мың және Шығыс Қазақстан облысында – 177,3 мың дана.

Шығарылған жылы 3 жылдан аспайтын көлік саны бойынша Алматы (55,3 мың), Астана (42 мың) қалалары және Алматы облысы (22,4 мың) алда тұр.