Билік

Министрлік бұқа мен қошқар экспорттауға квота лимитін арттырды

Квоталар «Е-лицензиялау» порталында бөлінеді

Қазақстанда 2024 жылдың 26 қазанынан бастап бұқа мен қошқар экспорттау квотасын бөлу қағидалары күшіне енеді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Бұл норма 6 ай мерзімге енгізіледі. Шектеу үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне қатысты болады.

12 айдан асқан бұқаны әкетудің сандық лимиті 85 мың басты қамтиды. Оның ішінде бордақылау алаңдары үшін – 55 мың бас, тауар өндірушілер үшін – 30 мың бас.

6 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетудің сандық лимиті 120 мың басты қамтиды. Оның ішінде бордақылау алаңдары үшін – 60 мың бас, тауар өндірушілер үшін – 60 мың бас.

12 айдан асқан бұқаларды әкетуге бір бордақылау алаңына арналған лимиттің жиынтық саны 4 мың бастан, ал бір тауар өндірушіге 500 бастан аспайды.

6 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетуге бір бордақылау алаңына арналған лимиттің жиынтық саны 1 мың бастан, ал бір тауар өндірушіге 500 бастан аспайды.

Бұл ретте, бір бордақылау алаңына берілетін квота бордақылау алаңы қуатының 20 пайызынан аспауға тиіс және квотаны бөлу сәтінде бордақылау алаңындағы мал басының нақты саны сұратылған квота көлемінен 2 есе көп болуға тиіс.

Квоталар толық таусылғанға дейін бөлінеді. Сонымен қатар квоталар «Е-лицензиялау» порталында бөлінеді және жекелеген тауар түрлерін экспорттауға лицензия алу кезінде автоматты түрде беріледі.

Бұйрықпен толығырақ мына сілтеме арқылы танысуға болады.