Бұқара

1,3 миллиард теңгеге тұтынушылардың құқығы қорғалды

2024 жылдың 9 айында қазақстандықтардан 42 907 өтініш түскен

Қазақстанда 1 364,9 миллиард теңгеге (2,8 миллион долларға) тұтынушылардың құқығы қорғалды.

Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің хабарлауынша, қазақстандықтар түрлі заң бұзушылықтар туралы шағым түсіреді. Аймақтық департаменттердің белсенді жұмысы түрлі саладағы фактілерді анықтауға көмектесті.

Мысалы, Ақтөбе облысында 34 адам жұмысын дұрыс атқармаған екі туристік фирмадан зардап шеккен. Департамент сот процестеріне үшінші тарап ретінде қатысып, нәтижесінде сот алданған туристерге 60,4 миллион теңгені (123,9 мың долларды) қайтаруға міндеттеді.

Ақмола, Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматыда 64 адам сапасыз массаж жамылғысына тап болған. Аймақтық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменттері шағым түсіруге көмектесті, ал сатушылар 64,1 миллион теңгені (131,5 мың долларды) қайтарды.

Түркістан облысында оқу курстарына ақша төлеп, сапалы білім алмаған 6 адам департаментке хабарласқан. Нәтижесінде оларға 3 миллион теңге (6,1 мың доллар) қайтарылды.

Астанада фитнес-орталығынан қызмет ала алмаған 28 адамға елордалық департамент көрсетілмеген қызмет үшін 5,3 миллион теңгені (10,8 мың долларды) қайтаруға көмектесті.

Қарағанды облысында рейстің 29 сағаттан аса кешігуіне байланысты 15 адам демалыс күндерінен айырылып, билеттерін пайдалана алмай қалды. Департамент қызметкерлерінің заң бойынша көмегінен кейін қарағандылықтар жоғалтқан демалыс күндері мен билеттері үшін 1,7 миллион теңгені (3,4 мың долларды) қайтара алды.

2024 жылдың 9 айында Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті мен аймақтық департаменттерге қазақстандықтардан 42 907 өтініш түскен.

2023 жылы 9 айда 32 899 шағым түскен. Барлығы 1 364,9 миллиард теңгеге (қайтару, айырбастау, ауыстыру) тұтынушылардың құқығы қорғалды (2,8 миллион доллар). 2023 жылы тұтынушыларға 804 миллион теңге (1,6 миллион доллар) қайтарылды.