Ұлттық құндылықты дәріптейтін ғимараттар салынса ғой – Қылышбек шебер
Балалар шеберге Қарағанды қаласынан ғана емес, Абай, Саран шаһарларынан да келіп, сандық, кебеже, ожау, астабақ, ат әбзелдері, домбыра жасаумен қатар, жүзік, сақина, сырға, шолпы, салпыншақ соғу ісін де біртіндеп меңгеріп жатыр
«Жігітке жеті өнер де аз» дейді қазақ. Бұл біздің кейіпкеріміз Қылышбек Құрмантегіне арналып айтылғандай. Қарағандыда ағаштан түйін түйген шебер деп танығанмен, оның бесаспап екенін ешкім біле бермейді.
Балаларды өнерге жетелеген
Қылышбек Жұматұлы бүгінде Қарағанды қаласындағы Майқұдық Мәдениет үйінде «Атамұра» ұлттық қолөнер орталығында балаларды ағаш пен темірден қазақтың көнеден келе жатқан бұйымдарын жасауға баулып жүр.
2022 жылы ашылған бұл орталыққа Қылышбек бірден келген жоқ. Оның алдында бірнеше таңдау болған.
Алғашында 60-қа жуық бала келіп, іріктеліп, 20 бала қалған. Алыс-жақыннан ат арытып келіп, шәкірт болғысы келгендердің саны артқан. 600 шақырымды артқа тастап, Ұлытаудан да Серік, Ерғазы деген екі жігіт Қылышбек шеберден тәлім алған.
Ал қалған балалар Қарағанды қаласынан ғана емес, Абай, Саран шаһарларынан да келіп, сандық, кебеже, ожау, астабақ, ат әбзелдері, домбыра жасаумен қатар, жүзік, сақина, сырға, шолпы, салпыншақ соғу ісін де біртіндеп меңгеру үстінде.
Тозған аспаптарды жөндейді
Қылышбектің тағы бір қыры бар. Қолынан келген жақсылығын жар салмай-ақ істей береді. Жұмыс орнына барғанда үстел үстінде бірнеше домбыра жатты. Ескі, тек қаңқасы қалған. Солардың бәрін жөндеп, ескірген тұстарын жаңалап, қолдануға қайта жарамды еткен.
Бұл – Қылышбектің алдына жұрт тек домбыраны жөндету үшін келеді деген сөз емес. Анығында, ескі дүниелердің бәрін бұрынғы қалпына келтіреді. Ат әбзелдері, оның бір дүниесі ертоқымның бірнешеуін «атамнан қалған мұра еді» деп алып келген жандардың жап-жаңа болып тұрған затты көргендегі таңданысы да ол үшін бір алғыс.
Ұсталық – көнеден келе жатқан киелі кәсіп
Шынымен де қарағандылықтар Қылышбекті тек ағаштан түйін түйген шебер деп қана біледі. Бірақ ол ұста да.
Қылышбек – Баянауыл өңірінің тумасы. Оған бұл өнер бабасы, заманында Арқа атырабына аты жайылған ұста Құлмағанбет Байбақыұлынан (1827-1893 ж.ж.) дарыған. Құлмағанбет ұста 1883 жылы Омбы қаласында көрмеге шыққанда оны Буланже деген француз фотографы шырт еткізіп суретке басып алған да екен. Соның көшірмесі де қолында. Суреттің жанында бойтұмарындай болып, қымыз құятын ожау ілініп тұр.
Баянауылда да бабаларынан мұра болып қалған ұстахана бар екен.
Қылышбек қолөнерге қалай келді?
Қылышбек басында өзі туған ауданда етікші болып орналасады, кейін ағаш өңдеуге көңілі ауады. 33 жасынан бастап ағаштан түрлі заттар жасаумен айналысып келеді.
Ұлттық орталықтар ашылса...
Басты арманым – баю емес, керісінше, өзімнің артымнан менен асқан шәкірттерді тәрбиелеу дейді Қылышбек.
Иә, нағыз шебердің қолынан шыққан астабақтан ас ішкенге не жетсін?! Қылышбек те: «Негізінен, қазір сатылымда жүрген астабақтарды жай ағаштан жасай салады. Ол астың дәмін бұзады. Әр ыдысты жасарда ағашты арнайылап алдырамын. Маған тапсырыс Қазақстанның әр қиырынан түсу себебі де содан болса керек», – дейді.
Арман орындалып, Қазақстанның әр қаласында ұлттық құндылықты дәріптейтін ғимараттар соғылса, Қылышбек ағамыз сол жерлерде еңбек ететін шеберлерді дайындап беруге әзір...
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ