Үкіметке курс сатқыш «инфосығандарды» қатаң қадағалау ұсынылды
«Аңқау елге – арамза молда» демекші, олардың арасында шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар, – деді депутат
AMANAT партиясы фракциясының депутаттары вице-премьер Тамара Дүйсеноваға сауал жолдап, елдегі «инфосығандар» мен олар ұсынатын платформалардағы тексерісті күшейтуді талап етті.
Бұл ретте депутат Жарқынбек Амантайұлы «инфосығандардың» көбеюі қоғамды дүрліктірген маңызды мәселеге айналғанын атап өтті.
Айтуынша, олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт несие рәсімдеп сатып алады.
Бұл ретте ол «инфосығандардың» көпке ұсынып отырған сабақтары ұлттық құндылықтарға, мемлекеттің «Неке және отбасы туралы» Заңына қаншалықты сай екенін ешкім тексермейтінін де еске салды.
Осы орайда депутаттар мынадай ұсыныс жасады:
- Инфобизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясына, заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейтіп, заң бұзушылықтарға жедел әрекет ету қажет;
- «Онлайн платформа және онлайн жарнама туралы» Заңға сәйкес, жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттік толық берілуге тиіс. Осы уақытқа дейін аталған заң аясында қанша адамға жауапкершілік жүктелгені туралы статистиканы ашып көрсету маңызды.
- Бизнес тренерлер мен коучтар үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуі керек;
- Халық арасында интернет алаяқтардан, «инфосығандардан» қорғанудың амалдарын түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет.