Ұлттық өнімдердің «ұнжырғасы түсіп» тұр
Бір сиырдың терісінен 300-400 мың теңгенің өнімін өндіруге болады
Басқасын айтпағанның өзінде, мал шаруашылығы – қазақтың ежелден бергі басты табыс көзі. Темірден түйін түйіп, ағаштан үйін құрастырған ата-бабамыз төрт түліктің еті, сүті, жүні мен терісінен де киім, бұйым жасап, солардың күйбеңімен өз күйін өзі күйттеген. Ал қазір ше? Мыңғырған малдан қалдықсыз өнім өндіру ісінде көршілердің өзінен көп кенжелеп қалғанымыз қалай? Басынан бастайық...
Экономикаға ет те сеп бола алмады
Бүгінде ет индустриясында Қазақстанның әлеуеті әлі де болса әлсіз. Өзімізде өндірілген ет ішкі сұраныстың 87%-ын ғана қамтамасыз етіп отыр екен. Дайын шұжықтың 38%-ын сырттан сатып алып жүрміз десек, оның экспорты – небәрі 1 пайыз. Өкінішке қарай, етті өндеу және сақтау жағынан да көрсеткіштер көңіл көншітпей тұр. Айталық, ет сақтайтын қоймалардың тек 38,7 пайызы қолданыста, қалғаны бос.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда ет өндіру көлемі тұтыну деңгейіне дейін жеткізілгенін сүйіншіледі. Республика бойынша сиыр етінің қоры – 16,5 мың тонна, қой етінің қоры – 7,8 мың тонна, жылқы етінің қоры 7,3 мың тонна болыпты. Статистика бойынша, отандастарымыздың ет өнімдерін тұтыну көрсеткіші жылына 7%-ға артқан-мыс. Орташа есеппен бір азамат 21 келі ет жепті. «Ет дегенде бет бар ма?!» дегенді Қарағанды облысының тұрғындары қатты ұстанғанға ұқсайды. Онда әр тұрғын орташа есеппен 26,8 келі ет жеген. Одан кейінгі орындарда Ақмола облысы (25,4 келі) және Алматы қаласы (25,2 келі) тұр.
Есесіне елде сұраныс көбейгеннен еттің бағасы да айтарлықтай шарықтап шыға келді. Соның ішінде қатты қымбаттағаны қой еті екен. Бірден 16,2%, келісіне 2 мың теңге өсіпті. Одан кейін жылқы етінің 11,9%, келісіне 2 271,8 теңгеге жеткені байқалды. Ал сиыр еті 8%, келісіне 1 947,4 теңге қымбаттаған. Бұл ретте ішкі бағаға сыртқы фактор – көрші елдер мен халықаралық нарықтағы ұқсас өнімдер бағасының өзгеруі әсер еткен көрінеді. Сол сәтте Ұлттық экономика министрінің №503 бұйрығына сәйкес, азық-түлік өнімдерін тұтынудың ғылыми негізді физиологиялық нормалары бекітілген. Бірақ...
Оның айтуынша, орта есеппен Қазақстанның көтерме сауда нарығында өндірушінің қолындағы салмағы 250-350 келі болатын өгіз шамамен 250-300 мың теңгені қамтиды.
Сүт сапасы да нашарлау екен
Қазір елімізде тамақ өндірісімен айналысатын 2,1 мың кәсіпорынның тіркелгені мәлім. Оның ішінде жыл сайын шамамен 5 141 278 тонна сүт өндіріледі. Ол жағынан Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Демек, елде өндірілетін сүт бар. Бірақ дайын өнім көңіл көншітпейді.
Экономист Санат Құрманғалиевтің айтуынша, жыл сайын өндірілетін 5 миллион тоннадан астам сүттің өзі-ақ Қазақстан халқын жарылқап тастауы керек еді. Сөйте тұра импорт көлемі артып бара жатыр. Өйткені біздің қауқар аталған тонналардың 27 пайызын ғана өңдеуге жетеді. Өңдеу саласындағы кәсіпорындар техникалық және технологиялық жағынан артта қалып қойған. Соның салдарынан бізде тұтынылған сүтті жан басына шаққанда, жылына 260 литрден (медициналық норма 405 литр) келеді екен. Ал Германия, Франция сияқты елдерде көрсеткіш – 490-500 литр.
Одан бөлек, Қазақстанға құрғақ сүттің 83 пайызы, сары майдың 31 пайызы, ірімшіктің 61 пайызы, қоюлатылған сүттің 85 пайызы Ресей, Беларусь, Украина және Қырғыз елінен импортталады. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғаннан бері олар, тіпті, еркін ағылып жатыр. Сүт өнімдері нарығындағы танымал кәсіпкер Ерлан Әшімнің айтуынша, бізде сүтке қосылатын ұнтақтың 90 пайызы шет мемлекеттерден жеткізіледі екен.
Ол үшін алдымен еліміздегі өз-өзін қамтамасыз ету межесі 80 пайыз болуы керек екен. Бұл ретте экономист-сарапшы Марал Төртенқызы:
Сондай-ақ өңдеуге түсетін қазақстандық 50 пайыз сүт Кеден одағының техникалық талабына сай келмейтін болып шықты. Зауыттар сүттің көп бөлігін ірі сүт фермаларынан емес, жекелеген шаруашылықтардан алып отыр. Себебі қазір Қазақстанда сиыр саны 3,8 миллион басты қамтиды. Соның 55,4%-ы (2,1 миллионы) жекелеген адамдардың, 37,1%-ы (1,4 миллионы) шағын фермерлердің, 7,5%-ы ғана (284,7 мыңы) ірі шаруалардың қолында. Енді 2025 жылға дейін бұл сала техникалық регламент талабына сәйкестендірілмесе, онда мәселенің күрделене түсетіні ескертілді. Алайда оған Қазақстан сүт одағы тарапынан айтылатын уәж де дайын.
Өз теріміздің өнімін сырттан сатып аламыз
Елімізде тері илеп, соны тұрмыстық кәдеге жарата алатын жеңіл өнеркәсіптердің өзі 90-жылдардағы тоқыраудан әлі ес жия алмай, есеңгіреп тұр. Бәсекеге қабілетсіз. Сол себепті тері-терсек, жүн-жұрқа, мақта-мата дегендей шикізатымыз шетел асып, одан өзімізге дайын өнім ретінде қайта келіп, соны қазір 2 есе қымбат бағасына сатып алып жатырмыз. Малмен күнелткен жұрт «теріні ешкім алмайды» деп зар илеп отыр. Сондықтан Қытайға жылына 2 миллион ірі қараның, 5-6 миллион ұсақ малдың терісін экспорттап әлекпіз. Жалпы, жылына жиналатын 7,5 миллион тонна тері шикізат қалпында шетел асып жатыр.
Мысалы, үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылған Семейдегі тері өңдеу зауыты әлі толық қуаттылықпен жұмыс істеп тұрған жоқ. Ол күніне 10 тонна тері өңдегенмен, бұл – жалпы өндіріс қуатының тек 30 пайызы. Бар мәселені шикізат сапасының нашарлығына аудара салып отырмыз. Сөйтіп, іргедегі қырғыз ағайыннан да қалып қойдық. Қазір олардың 30 пайызы жеңіл өнеркәсіппен шұғылданып, Ресей нарығының 7 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Ал әлемдік нарықтағы тері шикізаты импортының 25 пайызы – Қырғыз Республикасының да емес, Түркияның еншісінде. Ол елде күніне 3 мыңға жуық тері өңделеді, ал жылына 2 миллиард доллардың тері бұйымдарын сыртқа экспорттайды. Стамбұл тері және тері өнімдері экспортшылары одағының төрағасы Мұстафа Шеноджак тері секторының 200-ден астам елге экспорт жасағанын айтты. Сауда жасалған алдыңғы қатардағы елдер арасында Германия, Ресей, Италия, Ирак, Испания, Франция, Ұлыбритания, Нидерланд, Румыния және АҚШ бар екен.
Әрине, түріктерді де тері шикізатымен біз қамтамасыз етіп отырмыз. Ауылдағы ағайыннан әрі кетсе 1 мың теңгеге сатып алынған сол тері шамамен 200-300 мың теңгенің бағалы былғары тоны болып қайтып жатыр. Оны Қазақстанның былғары шикізаты мен тері өңдеушілер ассоциациясы да растайды.
Оны толықтыра кетсек, бір ірі қара малдың терісінен 7 жұп ерлер туфлиі, 5 жұп қысқа қонышты ерлер етігі, 3 жұп ұзын қонышты ерлер бәтеңкесі, 2 жұп ұзын қонышты ерлер етігін жасауға болады. Дегенмен біздегі тері өндірісімен айналысатын 113 кәсіпорынның 95 пайызы шағын болып тұр. Бұл – тауарды «ТаразКожОбувь», Алматы былғары зауыты, Петропавл былғары зауыты, «Туран скин», «КазЛидерМех», «ПошРуно» сынды он шақты ірі кәсіпорын ғана экспорттай алады деген сөз.
Қазір қазақы оюмен көмкерілген түрлі-түсті әмиян, сөмке, сағат, белдікті көріп мәз болып жүрсек, оның өзі Моңғолиядан келіп жатқан дүние екен. Астана, Алматы қалаларындағы Khan Mura дүкені менеджерінің айтуынша, Моңғолияда жұмыс күші мен шикізат көзі арзан. Өнімнің құны қолжетімді.
Міне, кезінде сапалы былғарымен күллі КСРО фабрикаларын қамтыған Қазақстанның саладағы қазіргі салмағы – осы. Ал «шикізат жетіспейді» деу – көп сылтаудың бірі. Әйтпесе, өзге ел жоқтан бар жасап, малдың қиынан қылшығына дейін нарыққа салып жатқанда, біздің тұрғындар теріні аяққа таптап, қоқысқа тастаудан әрі аса алмай отыр.
Мысалы, мал шаруашылығында қайта өңдеу саласын әбден жолға қойып алған Қытайда бір бас малдың өнімінен 15 мың доллар түседі екен. Оның 2 мың доллары ғана етінің құны болса, қалғаны – терісі, сүйегі, мүйізі, ішек-қарын, қан-жыны сияқты терең өңдеуге түскен қалдықсыз өндіріс нәтижесі.
Кейін Үкімет Қазақстанда етті мал шаруашылығы саласында сапалы тері өндірісін арттыру мақсатында өнеркәсіптік бордақылау алаңдарында ұйымдасқан шаруашылықтар кооперативтерін құру қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Тері шикізатын дайындау қызметін ретке келтіру және заңдастыру мақсатында мал союшы ұйымдарға қосылған құн салығы сомасын субсидиялайтын бағдарлама да іске аса бастады. Республикалық бюджеттен оған жыл сайын 1-1,5 миллиард теңге бағытталып отырады екен. Бәлкім, мамандардың «сыртқа кеткен теріні өзіміз өңдеп, дайын өнім түрлерін (етік, белдік, сөмке, т.б.) шығаратын болсақ, қазынаға 1 млрд 800 млн еуро құйылар еді. Яғни, алыпсатарлардың Қытай мен Түркияға шикізат күйінде өткізіп жіберуінен республикамыз 2 миллиард еуроға жуық қаржыдан қағылып отыр» деген БАҚ-тағы үні Үкіметтің құлағына енді жеткен шығар, кім білсін...
Мәселеге дұрыстап мән берер болса, біздегі кәсіпорындардың қазіргі жағдайында өңдей тұруға 600 мың бас малдың терісі жеткілікті екен.
Жүн өңдеушілер де жүнжіп кетті
«Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген қазақтың қой саны 90-жылдары 36 миллионға жеткен еді. Олардан жылына 100-105 мың тонна жүн өндірілген. Әлемнің 12 еліне экспортталған жүннің 60-65%-ы жоғары сапалы, бағасы қымбат биязы жүн болатын. Ал қазір елімізде 15 фабрика жыл сайын 37-40 мың тонна жүн өндіреді екен. Оның тек 15 тоннасы – Алматы, Жамбыл облыстарында бағылып жатқан қойдың биязы жүні. Ел ішінде сол жүннен иірілген жіпке деген жыл сайынғы сұраныс 200 тоннадан асады. Алайда осы сұраныстың бар-жоғы 5%-ын қамтитын жуылған биязы және жартылай биязы жүн өңделіп отыр. Жалпы, биязы жүннің бағасы әлемдік нарықта сапасына байланысты, әр келісі 4-15 доллар десек, Қазақстанда – бар болғаны 1 доллар, тіпті одан да арзан.
Дегенмен Алматыдағы Қарғалы фабрикасы мен Жамбыл облысындағы жүн фабрикаларын дұрыс жолға қоюға әлі де кеш емес көрінеді. Сондай-ақ 2015 жылы Атырауда индустрияландыру бағдарламасы аясында ашылған, он шақты адам ғана жұмыс істейтін жүн өңдеу фабрикасының жұмысы да тоқырап тұр. Жылына 500 тонна жүн өңдеп, одан дайын өнім шығаруға қауқарлы ол кәсіпорынның қуаттылығы қазір 30 пайыздан аспайды. Осындай жағдайдағы фабриканың 2018 жылы республикалық «Алтын сапа» байқауында «Ең үздік тауар» атанғанына сену қиын.
Жылына 7 мың тонна шикізат өңдейтін «Шымкент-Кашемир» ЖШС-нің бас маманы Санат Шағанбекұлы да:
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, қой шаруашылығы өте жақсы дамыған Аустралия, Жаңа Зеландия сияқты мемлекеттерде асылтұқымды қой шаруашылықтары 100-150 жыл бойы сақталып, осы саланың дамуына негізгі себепші болып отыр. Мысалы, «Коллинсвилл» шаруашылығы – 1889 жылдан, Sims Uardry – 1865 жылдан, Boonoke 1860 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Салыстырмалы түрде бізде бір кездері алтынға бағаланған қаракөл елтірісіне де сұраныс жоқ. Қазіргі төсенішіміз – ковролин, жамылғы-жастығымыз – синтепон. Ал Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия сынды көршілеріміз қылшық жүнді кәдеге жаратып отыр. Тіпті, түрікмендер қалы кілемін ұлттық брендке айналдырып, заңмен қорғалатын етіп қойған.
P.S. «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген ұранның жалған болмасы үшін қазақтың малын да қалдықсыз өндіріске салу қажет. Заман ағымына ілесу дегеніміз импорт тұтынып, шет тілін білумен шектелмей, сыртқа ұлттық ерекшелігімізді таныта аларлық білікпен өлшенсе керек. Ел Үкіметі де бюджет қаржысын қазақтың ұлттық экспортына көбірек салуды көздесе, құп.