Ұлына алимент төлемеген әйел бас бостандығынан айырылды
Жазасын Абай облысындағы әйелдер колониясында өтеп жатыр
Абай облысында баласына алимент төлемеген тұрғын бас бостандығынан айырылды.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Риддердің 31 жастағы тұрғынына 4 жыл бойы алимент төлемей, ұлына шамамен 3 млн теңге қарыз болғаны үшін сот үкімі бойынша 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған болатын. Бірақ соттың шешіміне қарамастан және пробация қызметінің есебінде тұрған кезде де ол жазаның өтеу шарттарын жүйелі түрде бұзып келген. Сотталған әйел пробация қызметінің жазасын өтеуден жалтарып, есеп беруге келмей, тексеру кезінде тұрғылықты жері бойынша үйінде болмаған. Сол үшін бас бостандығын шектеу жазасы 7 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Күйеуім екеуміз алкогольдік ішімдікке құмар болдық. Сол үшін бізді ата-ана құқығынан айырды және пробация қызметінде есепте тұрғанда алимент төлеуге бізді сот шешімімен міндеттеді. Істің бұлай насырға шабатынын, аяғы осындай болып кететінін түсінбедім. Мен бұл үшін ештеңе болмайды деп ойлап, сот шешімін елемедім. Қазір ұлым – 12 жаста. Мен ол үшін жақсы ана болмағаныма өкінемін. Оның алдында өзімді кінәлі сезінемін. Ол мені кешіреді деп үміттенемін, - дейді сотталған әйел.
Ол жазасын Абай облысындағы әйелдер колониясында өтеп жатыр. Қазір карантиндік бөлімде.
Карантин бөлімінен кейін әйел тігін цехына жұмысқа орналасады және жалақыдан алимент бойынша берешекті төлейді, – деді арнайы бөлім бастығы Светлана Голикова.