Билік

Қазақстандық экс-шенеуніктің отбасы Дубайдан 30 жылжымайтын мүлік иеленген

Салынып жатқан ғимараттағы пәтерлерін қоспағанда, басқа үйлерінің өзі – 5-9,5 миллиард теңге аралығында

Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитетінің бұрынғы төрағасы Мақсат Орысбаевтың отбасы Дубайда 30 жылжымайтын мүлікке иелік еткен. Бұл туралы Азаттық радиосы америкалық C4ADS ұйымының (халықаралық қылмыс пен қақтығыстарды зерттейтін коммерциялық емес құрылым, бас кеңсесі Вашингтонда) деректеріне сілтеме жасап хабарлады.

Мақсат Орысбаев мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитетін 7 жыл басқарған, оған дейін кеден комитетінде жұмыс істеген. Оның атына THE SUMMIT ғимаратының 20-23-қабаттарындағы 9 пәтер тіркелген. Орысбаев инвестиция салған Dubai Marina аймағындағы THE SUMMIT кешені әлі салынып біткен жоқ. Құрылыс аяқталғаннан кейін ғимарат сәнді 38 қабатты бизнес орталығы мен тұрғын үй кешеніне айналуы керек. Бірақ жоба созылып кетті.

Дубайдағы жылжымайтын мүлік нарығы туралы жазатын Propsearh.ae сайты ғимараттың атауы мен әзірлеушісі өзгергенін жазды.

C4ADS құжаттарына сәйкес, Орысбаевтың ұлы Ілияс Дубайда 17 жылжымайтын мүлікке иелік етеді. Оның Palm Jumeirah аралындағы вилласының ауданы 600 шаршы метрден асады. Сондай-ақ пәтерлері жасанды аралдағы MARINA RESIDENCE кешенінде және Дубай Маринадағы GRANDEUR RESIDENCES пен RIMAL-да орналасқан. Сонымен қатар оның ARMADA ғимаратында да бірнеше кеңсесі бар.

Ілияс – Қазақстанда тіркелген 3 компанияның құрылтайшысы.

Жылжымайтын мүлік тізіліміне сәйкес, Дубайдағы 2 пәтер Мақсат Орысбаевтың қызы Айнель Орысбаеваға тиесілі. Екі пәтер де GRANDEUR RESIDENCES тұрғын үй кешенінде орналасқан. C4ADS тізіліміне сай, Дубайдағы Орысбаевтардың атына тіркелген үйлердің жалпы құны – салынып жатқан ғимараттағы пәтерлерді қоспағанда, 5-9,5 миллиард теңге аралығында.

Мақсат Орысбаев қымбат үйлерді сатып алуға қаражатты қайдан алды? Бұны Азаттық журналистері оның өзінен сұрауға тырысты. Бірақ Орысбаев Дубайдағы жылжымайтын мүлік туралы сұрақты естіген бойда телефонды өшіріп тастаған.

Vlast.kz-тің дерегінше, Мақсат Орысбаев 2023 жылы Қорғаныс министрлігі мекемелеріне 700 миллион теңгеден аса сомаға мемлекеттік сатып алулар бойынша алаяқтық жасағаны туралы қылмыстық істе аталған. Бірақ оған сыбайлас жемқорлыққа қатысты айып тағылмаған.

Журналистер алған Дубайдағы жылжымайтын мүлік тізілімі 2020-2022 жылдар аралығын қамтиды. Тізілімге сай, Қазақстанның 1 550 азаматы Дубайда жалпы құны 1 миллиард доллардан асатын 2 700 жылжымайтын мүлікке иелік етеді.