Әмиян

Доллардың көтерілуіне қатысты дүрбелең: Ұлттық банк төрағасы ескерту жасады

Жұрт зейнетақы жинақтарының 40%-ын доллармен сақтап жатыр

Теңге курсының долларға қатысты күрт өсуін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жеке және квазимемлекеттік сектор тарапынан долларға сұраныстың артуымен байланыстырды. Ол өзінің жинақтарының бір бөлігін шетел валютасында сақтайтынын да жасырмады. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Жалпы, қазір қазақстандықтар елдің валюта айырбастау пунктеріндегі ақпараттық таблоларға қарап, алаңдаулы. Кеше доллар бағамы 496 теңгеге дейін жетті. Бүгін сәл төмендегенмен, азаматтар әлі де доллардың 500 теңге шегінен шықпайтынына сенімсіз.

Бұдан бір ай бұрын Ұлттық банк төрағасы доллар бағамы мүлде шарықтап кетпейтінін айтқан еді. Алайда ол журналистердің сұрағына жауап беріп, курсқа қатысты ешқандай уәде бермегенін атап өтті.

Осы ретте ол қазақстандықтарға дүрбелеңге салынудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Айтуынша, орташа жылдық доллар курсы – 460 теңге. Үкіметтің болжамына сәйкес, осы баға қала береді.

Ал оның орынбасары Ақылжан Баймағамбетов жеке тұлғалардың депозиттері бойынша статистика 20 триллион 378 миллиард теңге екенін алға тартты. Оның айтуынша, мұндағы 16,4 триллион ұлттық валютамен сақталған.

Ұлттық банк төрағасы өзінің жинақтарының бір бөлігін шетел валютасында сақтайтынын айтты. Бірақ оның қаржылық тұрғыдан тиімділіктен емес, қызметтік қажеттіліктен болып отырғанын түсіндірді.

Қазір қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының 40%-ын енді доллармен сақтап жатыр. Ұлттық банк мәліметтері бойынша, БЗЖҚ соңғы жинақтарды конвертациялауды шамамен 10 күн бұрын іске асырған. Бұл қадам әртүрлі компаниялардың акцияларына инвестиция салу үшін жасалып отыр.