Бұқара

Ақылы автотұрақтарға қарсы петиция жарияланды

Мәселені билік өкілдері қайта қарау үшін 50 мыңнан аса қол керек

Күніне 5 800 теңге айыппұл төлеймін. Астана қаласының тұрғыны ақылы автотұрақтар жойылсын деп петиция жариялады. Сәл кідірсең, айыппұл келіп тұрады дегендер заң жүзінде көлік жүргізушілерінің құқығын қорғауға бел буған, деп хабарлады «Астана» телеарнасы. 

Күніне тұраққа көлікті қанша уақытқа қоятынымды болжау мүмкін емес деген Ерқанат Сәрсенбайұлы өз уәжін Е-петиция сайтына жариялады. Айтуынша, көлік жүргізушілерінің құқығын қорғайтын тиімді механизм жоқ. Белгіленген уақыттан сәл кідірсе, айыппұл келіп тұрады. Сол себепті ол қол жинап, Астана мен өзге қалаларда да тұрақтар тегін болсын деп петиция жариялады. Оның үстіне, темір тұлпарға лайықты орын табу адамдардың қалтасын қағатыны да осы қадамның басты себебі.

Бұл ретте оның пікірін қолдаушылар жетерлік. Осылайша көпшіліктің алаңдаушылығын тудырған факті – түскен ақшаның көп бөлігі белгісіз біреулердің қолында кетеді. Алайда қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, ол қаражаттың да сұрауы бар.

Десе де жарияланған тәртіп бойынша, ақылы тұрақ мәселесі билік өкілдері тарапынан қайта қаралу үшін 50 мыңнан аса қол керек. Әзірге көлік жүргізушілердің күніне орташа өлшеммен 1 мың теңге төлеуіне тура келеді.