Бұқара

Министрлік сенатор айтқан «қоқыс тағамдарға» қосымша салық салмақ

Қазақстанда балаларға арнап жарнамаланатын ас-судың шамамен 72%-ына ДДСҰ тарапынан тыйым салынған

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Қазақстанда денсаулыққа зиян «қоқыс» тағамдарға қосымша салық салу керек деген ұстанымда.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адам өліміне әкелетін факторлардың 60%-ы сапасы нашар, қауіпті қоспалармен әзірленген тамақтар кесірінен болады екен. Қазақстандағы өлім-жітімнің 90%-ға жуығы да сондай жұқпалы емес ауруларға байланысты болып шықты.

Оның айтуынша, шетелден ағылған тауарға ақшасын төлесе, жылдам сертификат алуға көмектесетін интернеттегі жарнамадан көз сүрінеді. Нарықтағы сапасыз тауарлардың көбеюіне осы бағыттағы жеке делдал компаниялардың көптігі ықпал етуі мүмкін.

Зиянды тағамдардың жарнамасы да кең етек жайған. Қазір Қазақстанда балаларға арнап жарнамаланатын ас-судың шамамен 72%-ы ДДСҰ тарапынан тыйым салынған азық-түлікке жатады. Өйткені жарнама тиісті заңдармен реттелгенмен, оларда денсаулыққа зиянды өнімдер туралы ақпараттың таралуын шектейтін нормалар жоқтың қасы.

Сондай-ақ ол Үкіметке мынадай 7 ұсынысты қарастыру керектігін ескертті:

  • Біріншіден, елімізде «қоқыс» тағамдарды саудалауға тыйым салу, кедендік бақылауды күшейту;
  • Екіншіден, стандарттау және сертификаттау қызметін қатаң бақылауға алу;
  • Үшіншіден, балаларға зиянды тағамдарды жарнамалаудың уақыт мерзімі бойынша шектеу қою;
  • Төртіншіден, зиянды тағамдарға қанты көп энергетикалық түрлі сусындарға қоғам денсаулығын қолдауға арналған қосымша салық салуды қарастыру;
  • Бесіншіден, балабақшадағы балаларға, мектептегі оқушыларға ағзаға пайдалы сүт, қымыз, шұбат беруді міндеттеуді қарастыру;
  • Алтыншыдан, Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, саламатты тамақтану бойынша тұрақты және тиімді ақпараттық кампания өткізіп отыру;
  • Жетіншіден, Денсаулық сақтау министрлігінде қоғамдық денсаулықты қорғау бойынша арнайы толыққанды құрылым құру.

Бұл жанайқай «еститін мемлекеттің» құлағына тез жетіп, кейін Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова қант қосылған тәтті сусындарға акциздік салық не үшін қажет екенін түсіндірді. Оның айтуынша, қазір елде семіздік және қант диабетімен ауыратындардың саны артқан. Әсіресе артық салмақты балалар көбейіп барады.

Сондай-ақ ол тәтті сусындарға акциз енгізу өздерінің емес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы екенін жеткізді.

Бірақ бұл бастамаға сусын өндірушілер үзілді-кесілді қарсы. Сондықтан құрамында қанты көп сусындарға қосымша акцизді көтеру жыл соңына дейін шешілетін болды. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, талқылау әлі де жалғасады және өзгерістің экономикаға қалай әсер ететіні қарастырылады.

Айта кетсек, қос министрлік тарапынан да тәтті сусындардан басқа «қоқыс тағам» түрлері аталған жоқ. Сондықтан сенатор Бибігүл Жексенбайға мәселені қайта көтеріп, «көбін көшелер мен жертөлелерде жасайтын» тағам түрлерін жеке-жеке атап өткен жөн болар. Біле жүрейік.