Әмиян

Павлодарда 107 жастағы кейуана 28 мың теңге зейнетақы алады

Көшіп-қонып жүргенде бұрынғы еңбек кітапшасын жоғалтып алған

Павлодарда 107 жастағы кейуана тұрады. Немере сүйіп, шөбере, шөпшек көрген бақытты жан. Өмірдің зейнетінен бейнетін көп көрген. Жас кезінде құрылысшы, сауыншы да болған. Мал бағып, бала-шағасын сонымен жеткізіпті. Алайда қазір бар-жоғы 28 мың теңге зейнетақы алады. Ғасыр жасаған абыз ананы осы бір азғантай тиын емес, 40 жылдық еңбек өтілі ескерілмей қалғаны қынжылтады, деп хабарлады «Астана» телеарнасы. 

Қапиза Рахметқызы – 1916 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Еліміз тәуелсіздік алған 90-жылдары атамекенге ат басын бұрыпты. Қазір қала шетіндегі Байдала ауылында тұрады. Жас кезінде небір қиыншылық көрген. Құрылысшы болып, үй салған. Мал баққан, сауыншы да болған. Өмірінің 40 жылын еңбекпен өткерген. Алайда зейнетке шыққан кезде осы еңбек өтілі ескерілмей қалыпты. Себебі көшіп-қонып жүрген кезде бұрынғы еңбек кітапшасын жоғалтып алған.

Қайтадан жасатып әкелген еңбек кітапшасы жарамсыз болып қалыпты. Содан бері бұл мәселені жылы жауып қойған. Өйткені жасы келген кейуананың құжат рәсімдетуге шамасы келмейді.

Ал халықты әлеуметтік қорғау саласының мамандары бұл кісінің еңбек кітапшасында жұмыс берушінің мөрі басылмағанын айтады. Сол себепті құжатты қабылдай алмаған. Ал кейуанаға оны қайта жасатып әкелу туралы ұсыныс айтылғанмен, оған өздері ниет танытпады деп отыр.

 

Қапиза Рахметқызына еңбек өтілін дәлелдеу үшін Моңғолия еліне барып, мұрағаттан еңбек кітапшасын қайта жасату керек. Сол кезде ғана зейнетақысы қайта есептеледі.