Бұқара

Елбасы сайты казиноны жарнамалап жатыр

Google іздеу жүйесі арқылы өткенде сайт еш қиындықсыз ашылады

Тұңғыш президенттің ресми сайты домендік атауын nazarbayev.kz-ке ауыстырғаннан кейін ескі домені қорғалмаған күйде қалып, оны алаяқтар иемденген, деп хабарлады Halyqstan Telegram-арнасы.

Қазір онда Нұрсұлтан Назарбаевтың әдеттегі фотосуреттері мен өмірбаянының орнына онлайн-казиноны дұрыс таңдау туралы ақпарат пен «ең үздік қазақ казиносының рейтингі» ұсынылып отыр.

Тағы бір қызығы, сайттың байланыс бөлімінде бұрынғы президенттің атағы әлі де сақталған, e-mail ретінде support@elbasy.kz көрсетілген.

Мекенжайды «адрес» жолына енгізгенде сайт ашылмай, 503 қателігін көрсетеді. Алайда Google іздеу жүйесі арқылы өткенде сайт еш қиындықсыз ашылады. Оның үстіне, порталдың қауіпсіз әрі сенімді екендігі жазылған. Orda.kz тілшілері бұл сайттың сол күйінде тұрғанына көз жеткізген. Әлі де онлайн-казино туралы ақпарат пен «ең үздік қазақ казиносының рейтингі» көрсетіліп тұр.

Еске сала кетсек, биылдан бастап заң бойынша онлайн-казино жарнамасына тыйым салынған. Оны бұзғандарға 200 мың теңгеден басталатын айыппұл салынады.