Бұқара

Тапаншамен тонау жасамақ болған жігітті ұстаған студентке ломбард иесі телефон сыйлады

Оны сатып, оқуымның ақшасын төледім, - дейді Ұлықбек Ахметов

Шымкентте ломбардқа қарумен кіріп келген белгісіз ер адамды полицияға ұстап берген 18 жастағы Ұлықбек Ахметов қылмыстың алдын алды.

Бұл ретте 1-курс студенті ломбардқа ұялы телефонын өткізіп, оқу ақысын төлегісі келген. Айтуынша, ол ломбардта тұрғанда өзінен кейін бетін тұмшалаған тағы бір ер адам кіріп келген. Алдымен ломбард қызметкерінен кеңес сұраған белгісіз адам біраздан соң қалтасынан қару алып шыққан.

Студенттің ломбард қызметкерлерін құтқарған сәті түсірілген видеоны Шымкент полициясы Instagram-ға жариялады. Ал 1-курс студенті оқиғаның шынайылығына полиция келгенде бір-ақ сенген. Айтуынша, тонаушы да оқу ақысын төлей алмай жүрген өзі қатарлы студент болып шыққан. 

Айта кетсек, ол 4 жыл бойы боксқа қатысып, түрлі байқауда жеңімпаз болған. Ал қазір дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығында оқып жатыр екен.