Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге 10,1 млрд теңге төленді
30 өтінім бойынша өтемақы төлеуден бас тартылды
Биылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне (ШОК) келтірілген мүліктік шығындарды өтеу қағидалары шеңберінде жергілікті атқарушы органдар ШОК субъектілерінің залалды өтеу туралы өтінімдерін қабылдау және қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Кәсіпкерлердің мүліктік шығындарын өтеу үшін Үкімет резервінен 12,1 млрд теңге қаражат бөлінді.
2024 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, ШОК субъектілерінен 15 млрд теңгеге 764 өтінім түскен. Шамамен 12 млрд теңгеге 630 өтінім бойынша оң шешім қабылданды. Оның ішінде 10,1 млрд теңгеден аса сомаға 615 өтінім (өтінімдердің жалпы санының 80,4%-ы) бойынша төлемдер толық көлемде жүргізілді.
30 өтінім бойынша өтемақы төлеуден бас тарту туралы шешім қабылданды. Қалған зардап шеккен объектілер бойынша бағалау және сметалық жұмыстар жалғасып жатыр. Олар аяқталғаннан кейін өтінімдер өңірлік комиссиялардың қарауына шығарылатын болады.
Өтінімдердің басым бөлігі Атырау (423 өтінім), Солтүстік Қазақстан (107 өтінім) облыстарынан түскен. Батыс Қазақстан облысынан 87 өтінім, Қостанай облысынан 68 өтінім, Ақтөбе облысынан 51 өтінім, сондай-ақ Ақмола облысынан 28 өтінім бар.
Еске сала кетсек, қағидаларға сәйкес жоғалған мүліктің (ғимараттардың, құрылыстардың, жабдықтардың), тауарлық-материалдық құндылықтардың, зақымдалған ғимараттар мен құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстарының құны өтелуге жатады.