Сөре

Қазақстанда жұмыртқа да қымбаттап шыға келді

Қазір елімізде 58 құс фабрикасы жұмыс істеп тұр

Қазақстанда жұмыртқа 11 пайыз қымбаттады, деп хабарлады КТК телеарнасы. 

Қыркүйектің соңғы аптасында бағаның күрт көтерілгенін тұтынушылар да байқаған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бұл түрі әсіресе Ақтөбе қаласында қымбат. 

Алматыдағы ең ірі супермаркетте жұмыртқаның бірнеше түрі бар. Он данасының бағасы – 629 теңгеден бастап, 945 теңгеге дейін. Мәселен, сұрпы мен салмағы үлкен түрінің бағасы – 975 теңге. Қазірдің өзінде жұмыртқаның бір данасының бағасы 50 теңгеден асып түскен.

Ұлттық статистика бюросының сарапшылары соңғы 1 айда елімізде жұмыртқа бағасының орташа есеппен 11,6 пайызға өскенін айтады. Ең қымбат жұмыртқа Ақтөбе, Ақтау, Павлодар, Шымкент пен Қарағанды қалаларында сатылып жатыр.

Қазір елімізде 58 құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Оның 29-ы жұмыртқа өндіреді. Мамандар бағаның күрт өсуін биылғы сапасыз жиын-терім науқанымен байланыстырады. Оған қоса, делдалдар да бағасының үстіне өз пайызын қосуы мүмкін.