«Зеренді-Астық» биыл рекордтық өнім жинады
Алайда егін егетін жер көлемі айтарлықтай азайып кетті
«Зеренді-Астық» ЖШС және оның инвесторы – «Қазақстан астық консорциумы» ЖШС басшылары баспасөз мәжілісінде биылғы егін науқанының барысы жайын баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді.
«Қазақстан астық консорциумы» ЖШС-ның бас директоры Бақтияр Оспановтың айтуынша, биыл «Зеренді-Астық» ЖШС мол өнім беріп, консорциум серіктестікке инвестор болып келгеннен бергі рекордты көрсеткішке ие болған. Қазір компанияның пайшыларға төлемақы беру жұмыстары басталды.
Айта кетсек, Қазақстан астық консорциумына кіретін шаруашылықтар арасында пай бойынша төлемақы алғашқы болып «Зеренді-Астық» ЖШС беріп жатыр.
Алайда «Зеренді-Астық» ЖШС-ның құрамына кіретін пайшылардың заңсыз жолмен хаттама жасау арқылы серіктестіктен шығуы компанияның дамуына үлкен кедергі келтіріп отыр. Бұрын 36 мың гектар жерге ие болған серіктестік бүгінде 18 мыңға жуық гектардан айырылған. Бұл жерлердің иелері басқа компанияларға өтіп кеткен.
«Зеренді-Астық» ЖШС мәліметінше, серіктестік құрамынан шығып кеткен шамамен 70 пайшы 2023 жылы қайта оралған. Қазір тағы 30-дан аса пайшы қайта серіктестік құрамына өту бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Қазақстан астық консорциумы» ЖШС-ның бас директоры Бақтияр Оспанов бұл ретте пайшыларға төленетін дивиденд мөлшері де ұлғайғанын еске салды. Егер «Қазэкспортастық» компаниясы инвестор болған тұста пайшылар өнімнің 5 пайызы мөлшерінде төлемақы алса, бүгінде ол 7,5 пайызды қамтиды.
Құрамына 23 шаруашылық кіретін Қазақстан астық консорциумының басшысы компанияның әлеуметтік жауапкершілігі және оны техникалық жарақтандыру бағытындағы жұмыстар барысын да баяндады. Компания биыл 43 жаңа комбайн (10-ы – импорттық өнім) сатып алса, 2025 жылғы көктемде ауыл шаруашылығы техникаларының қатары 32 егін егу кешенімен толығады. Компания әлеуметтік жауапкершілік аясында жыл сайын ауылдар арасындағы жолды қардан тазалау жұмыстарын өз күшімен іске асырады. Сондай-ақ «Зеренді-Астық» ЖШС пайшылары тұратын, еңбек ететін ауылдарда мәдениет үйін, медициналық пунктін жөндеу жұмыстарын іске асырып жатыр.