Табыс

СҚО-дағы ерлер колониясында теңдессіз тігін цехы ашылды

18 сотталған іріктеу арқылы жұмысқа алынды

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №48 мекемесінде модульдік ғимарат пайдалануға берілді.

СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, екі қабатты модульдік ғимаратта «Еңбек-Қызылжар» РМК-ның тігін цехы мен оқу сыныбы орналасқан. Нәтижесінде бұл нысанда 80 сотталған жұмыспен қамтылмақ.

Ғимарат 450 шаршы метрді алып жатыр. Құрылыс аяқталғаннан кейін модульдік ғимаратта барлық қажетті жабдықтар орнатылған. Сонымен қатар жұмысшылар, яғни тігіншілік дағдылары бар 18 сотталған іріктеу арқылы жұмысқа алынды. Жақын арада өндіріске тағы 60 адамды тарту жоспарланған.

Тігін цехының ашылу салтанатына келгендер нысанды аралап, жасалған жағдайды көрді.

СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі
СҚО ҚАЖД баспасөз қызметі

Мекеме аумағында барлығы 7 жеке кәсіпкер жұмыс істеп, сотталғандарды еңбекпен қамтып отыр. Олар күнбағыс майын шығарады, жұмсақ жиһаздарды жинаумен, ат әбзелдерін, ағаштан жасалған құрылыс материалдарын жасаумен, көкөністер өсірумен және макулатураны қайта сұрыптаумен айналысады. Бүгінде мекемеде 126 сотталған жұмысқа орналасқан.