Теңгенің құны түсіп кетті: қаржы сарапшысы себебін түсіндірді
Елдегі қор биржасында доллар төртінші күн қатарынан қымбаттап жатыр
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов кейінгі уақытта теңгенің долларға шаққандағы құнының әлсіреуін түсіндірді. Қазақстан қор биржасында 9 қазанда күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың орташа сараланған бағамы 489,06 теңге болды.
Бізде – тауарлы экономика. Мұнай нарығында өзгерістер немесе бюджетте теңгерімсіздік байқалған кезде ол ұлттық валютаға әсер етеді. Жалпы, мұның ұтымды тұстары шамалы. Менің 5 жыл бұрын жасаған болжамыма сай келіп тұр. Яғни, ұзақ мерзімді перспективада біз экономикамызды әртараптандыруға мүмкіндік алғанша теңге әлсірей береді. Бізде белгілі бір қадамдар жасалып жатыр, бірақ нақты тұрақтылыққа жету үшін әлі де уақыт қажет. Тәуелділігімізді азайту үшін мұнайға байланысы жоқ түрлі шикізат салаларын дамыту керек, - дейді экономист.
Оның айтуынша, алдағы уақытта да теңге әлсірейді.
Одан әрі құбылуына келетін болсақ, алдағы 3 жылда теңгенің әлсіреуі әбден мүмкін. Қысқа мерзімде ол аздап нығайып, кейін қайта құлдырайды. Нарықтық ауытқулар жалғасатын болады. Дегенмен теңгенің 450-470 деңгейіне дейін күрт нығаюын күтудің қажеті жоқ. АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі пайыздық мөлшерлемелерді сәл төмендетсе, теңге тұрақтанады. Төмен мәндерде болса да тұрақтануы мүмкін, - деді Расул Рысмамбетов inform.kz тілшісіне берген жауабында.
Бұған қоса, ол солтүстік жарты шардағы жылыту маусымының басталуы мұнай бағасының өсуіне әкелуі мүмкін екенін айтты.
Бірақ кез келген жағдайда теңгенің нақты бағамы 480-490 теңге шегінде болады және оның одан әрі әлсіреуі мүмкін, - деді сарапшы.
Айта кетсек, Қазақстан қор биржасында АҚШ доллары бүгін төртінші күн қатарынан қымбаттап жатыр.