Британиялық бағбан алып қияр мен баялды арқылы әлемдік рекорд орнатты
Оның дүниежүзі бойынша ең биік қияры – 6,5 метр
Британияда алып жемістер мен көкөністер өсірудің чемпионы ретінде танылған Кевин Фортей рекордтарын жаңартып, тағы екі әлемдік деңгейдегі жетістікке жетті, деп хабарлады Kazinform тілшісі.
Уэльстегі Кумбран қаласының 46 жастағы тұрғыны жақында дүниежүзі бойынша ең биік 6,5 метрлік қияр өсімдігін өсіріп, халықты таң қалдырды. Сонымен қатар ол ұзындығы 40 сантиметр болатын әлемдегі ең ұзын баялдымен рекорд орнатты.
Кевин Фортейдің алып көкөніс өсіруге деген құштарлығы әкесі Майк Фортейден дарыған. Бұрын ол томатилло, қауын және күнбағыс сияқты ірі өсімдіктерімен танылған болатын. Сондай-ақ ақсақал 80-жылдары Алып көкөністер чемпионатының негізін қалаған. Бұл шара қазір ғаламдық деңгейдегі оқиғаға айналып отыр.
Кевин Фортейдің жетістіктері бағбандардың жаңа буынын көкөністер әлемін зерттеуге шабыттандырып отыр.