Бұқара

Анджелина Джоли 1958 жылғы Ferrari көлігін аукционға қояды

Оның бұл Ferrari-ді айдап жүріп түскен бірде-бір суреті жоқ

Америкалық әйгілі актриса Анджелина Джоли қараша айында 1958 жылы шығарылған Ferrari 250 GT көлігін аукционға қоймақ. Бұл туралы Kazinform Christie's аукцион үйіне сілтеме жасап хабарлады.

Бұл көліктің Ferrari компаниясы шығарған 353 дананың 11-шісі екені атап өтілді. Көлікте 3 литрлік Colombo V12 қозғалтқышы бар және ол 5 жылдамдықты механикалық қораппен жабдықталған. Көліктің сырты қара түспен безендірілген, ал ішкі жағы ашық қызыл былғарымен қапталған. Ал өзі бар болғаны 10 мың шақырым жүрген.

Mathieu Heurtault

250 GT суперкар алғаш рет 1958 жылы Париж автосалонында көрсетілді. Ол түпнұсқадағы Borrani дөңгелектерімен және алюминий барабан тежегіштерімен жабдықталған.

Christie's автокөліктің бастапқы қозғалтқышы орнатылғанын растады. Бірақ ол 1978 жылы көк және ақ түске боялған, интерьер қарадан қызылға өзгерген. Аукцион үйі актрисаның көлікті қанша уақыт иеленгенін немесе оны мүлде пайдаланбағанын айтудан бас тартты.

Сондай-ақ Джолидің көлікті не үшін сатып жатқаны белгісіз. Оның бұл Ferrari-ді айдап жүріп түскен бірде-бір суреті жоқ. Сондықтан актриса жәй ғана қажетсіз заттардан құтылып жатыр деген болжам бар.

Әдетте мұндай сирек көліктер шамамен 0,5 миллион долларға сатылады. Christie's аукцион үйі көлікті 660 мыңнан 880 мың долларға дейін бағалап отыр.