Әмиян

Республика күніне орай кімдердің ақшалай көмек алатыны белгілі болды

Мұндай біржолғы төлем 13 өңірде қарастырылмаған

Елімізде 25 қазан – Республика күніне орай аз қамтылған отбасыларға әкімдік тарапынан біржолғы қаржылық көмек тағайындалады. Ал кей өңірде мүмкіндігі шектеулі жандар мен ардаргерлерге де көмек қоры қарастырылған. Жергілікті басшылықтарға берілетін сома көлемі әртүрлі болмақ. Алайда кей қалада биыл біржолғы төлем бюджеттен мүлде қарастырылмаған, деп жазды Stan.kz.

Әлеуметтік төлем беру бойынша Атырау облысы көш басында тұр. Өңірде Республика күніне орай мүгедектігі бар адамдарға, оның ішінде аз қамтылған отбасыларға, жалғызбастыларға, қарттарға, мүгедектігі бар балаларға 7,5 АЕК (27 690 теңге) көлемінде төленеді.

Келесі орынға Павлодар облысы орналасты. Онда мереке қарсаңында облыстың барлық қаласы мен аудандарында бюджет қаражаты есебінен 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарға 5 АЕК мөлшерінде біржолғы төлемдер (18 500 теңге) қарастырылған. Облыс бойынша бұл іс-шарада 18 мыңнан аса адам қамтылады.

Дәл осындай соманы маңғыстаулықтар да ала алады. Тек мүгедектігі бар ересектер мен мүгедектігі бар балаларға 5 АЕК беріледі (18 500 теңге). Ал биылғы 1 АЕК – 3 692 теңге.

Ұлытау облысында бірінші, екінші және үшінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға, 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және бірінші, екінші, үшінші топтағы 7-18 жас аралығындағы мүгедектігі бар балаларға 20 мың теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек төленеді. Облыс бойынша 11 536 мүгедектігі бар адамдарға барлығы 230 миллион 720 мың теңге көлеміне беріледі.

Бұдан бөлек, Астана мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы №84/10-VIII шешімімен бекітілген «Әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерін белгілеу және әлеуметтік осал азаматтардың тізімін анықтау ережелеріне» сәйкес, аз қамтылған азаматтарға 4,5 АЕК (16 614 теңге) көлемінде төлемдер жасалады.

Мұндай көмек қолы қызылордалықтарға да созылады. Биыл алғаш рет облыс бойынша барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балалардың әрқайсысына 3 айлық есептік көрсеткіш (11 076 теңге) мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек беруге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.

Ақмола облысында зейнеткерлердің жалпы саны – 115 315 адам. Биыл облыста зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету бойынша шамамен 39 860 адамды қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жалпы сомасы 439 045,0 мың теңге бөлінеді.

Алайда Абай, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында және Алматы, Шымкент қалаларында біржолғы төлем қарастырылмаған.