Дүниежүзілік банк Қазақстанға қантты сусындарға салық енгізуді ұсынды
Қазір әлемнің 121 елі осындай салықты енгізіп үлгерген
Дүниежүзілік банк Қазақстанда қантты сусындарды тұтыну 50% артқанын атап өтті. Зерттеуге сәйкес, қазақстандық оқушылардың жартысы қантты сусындарды апта сайын пайдаланады екен. Бұл қазіргі балалардың төрттен бір бөлігінің семіздік немесе артық салмақтан зардап шегуіне әкеп соғады.
Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылы қант қосылған сусындарға литріне 100 теңге көлемінде салық енгізуді ұсынған болатын. Салық мөлшерлемесі 2 жыл ішінде литріне 180 теңгеге дейін көтерілуге тиіс, яғни бұл – қант қосылған сусындардың орташа бағасының 22 пайызы. Дүниежүзілік банк бұл ұсынысты озық тәжірибеге сәйкес деп санайды. Қазір әлемнің 121 елі осындай салықты енгізіп үлгерген.
Банктің есептеулері бойынша, Қазақстан қант қосылған сусындарға салық енгізсе, олардың сатылымы 16% қысқарады. Алайда бөтелкедегі суды сату 41%, ЖІӨ-нің салық түсімдерін 0,25% арттырады. Бұл – темекіге салынатын салық түсімінің сомасына ұқсас және қазір алкогольге салынатын салықтан көп. Нәтижесінде мұндай шара халықтың денсаулығына ғана емес, бюджетке түсетін фискалдық кірістерге де оң әсер етеді.
Дүниежүзілік банк дерегінше, салық бизнеске қатты әсер етпейді. Барлық алкогольсіз сусындарды сатудың жалпы көлеміндегі қант қосылған сусындардың үлесі небәрі 3% төмендейді.
Сарапшылар қант қосылған сусын өндірушілердің су және диеталық сусындар сияқты балама сусын түрлерін де шығаратынын атап өтті. Олар сол арқылы пайда таба бастайды. Өйткені адамдардың көп бөлігі сау өнімдерді тұтынады дейді.