Әмиян

Мемлекет басшыларының жалақы рейтингі: Тоқаев қанша алады?

Сингапурдың премьер-министрі Лоуренс Вонгтың жалақысы – жылына 1,69 млн доллар

Ең жоғары жалақы алатын мемлекет басшылары анықталды. Рейтингтегі бірінші орынға Сингапурдың премьер-министрі Лоуренс Вонг жайғасты. Бұл туралы Stan.kz PoliticalSalaries басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Басылым мәліметінше, Сингапурдың премьер-министрі Лоуренс Вонгтың жалақысы – жылына шамамен 1,69 миллион доллар (817 миллион теңгеден жоғары). Ал рейтингте 2-орында Швейцария президенті Виола Амхерд. Оның жалақысы – жылына 569,5 мың доллар (275 миллион теңгеден аса). Үшінші орында жылына 412,5 мың доллар (199 миллион теңгеден астам) жалақы алатын Австралия премьер-министрі Энтони Албаниз тұр.

Одан кейінгі орынды жылдық табысы 400 мың доллар (193 миллион теңгеден аса) болатын АҚШ президенті Джо Байден иеленді. Бесінші орында жылына 316,7 мың доллар (153 миллион теңгеден астам) жалақы алатын Австрия канцлері Карл Нехаммер тұр.

Тізімнің алтыншы орнын жылына 310,5 мың доллар (150 миллион теңгеден жоғары) жылдық табысымен Жаңа Зеландияның премьер-министрі Кристофер Лаксон иеленді. Жетінші орында – жылына 310,5 мың доллар (150 миллион теңгеден аса) жалақымен Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо.

Германия канцлері Олаф Шольц – сегізінші орында. Оның жылдық табысы – 293,3 мың доллар (141 миллион теңгеден аса). Тоғызыншы орында жылына 276,4 мың доллар (133 миллион теңгеден аса) жалақы алатын Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба тұр. Ең жоғары жалақы алатын ондықты Ирландияның премьер-министрі Саймон Харрис түйіндеді. Оның жылдық табысы – 267,3 мың доллар (129 миллион теңгеден аса).

Ал еліміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жалақысы туралы дерек көрсетілмеген. Дегенмен Қазақстан премьер-министрінің жылына қанша жалақы алатыны жазылған. Оның жалақысы жылына 30, 810 мың доллар, яғни 14 миллион 920 мың теңгеден асады. Демек Үкімет басшысы айына 1 миллион 243 мың теңгеден аса еңбекақы алады. Бірақ Қазақстанға қатысты деректердің қайдан алынғаны және қай жылғы ақпарат екені белгісіз.