Жетісу облысында білім бөлімінің 3 есепшісі 34 млн теңге жымқырған
Олар өздерінде жұмыс істемейтін адамдарға жалақы мен еңбек демалысы жәрдемақысын аударған
Жетісу облысы Кербұлақ ауданының прокуратурасы білім бөлімі бухгалтерлерінің бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады, деп хабарлады өңір прокуратурасы.
2021-2023 жылдар аралығында білім бөлімінің 3 бухгалтері өздерінде жұмыс істемейтін адамдарға заңсыз жалақы мен еңбек демалысы жәрдемақысын аударған. Келтірілген шығын 34 млн теңге болды.
Осы факті бойынша облыс прокуратурасы тергеу жүргізіп, нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Сот үкімімен бухгалтерлерге Қылмыстық кодекстің 63-бабы бойынша 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Келтірілген залал мемлекет кірісіне толық көлемде өтелді.