Билік

Жамбыл облысында 19 көшені сапасыз жөндеген компания тағы да тендер алған

Осы жолғы жобаға облыстық бюджеттен 70,2 млн теңге бөлініп отыр

Биыл Жамбыл облысында жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 25,5 млрд теңге бөлінді. 

Бүгінде 357 жобаның 252-сінде жөндеу жұмыстары аяқталған. 68 жобада жұмыстар жүргізілсе, 15 жобада конкурс рәсімдері өткізіліп отыр. Ал 22 жобада жұмыстар әлі басталмаған. Мысалы, аудандық маңызы бар «Отар-Сұлутөр-Көктөбе» автожолының 0-16 шақырымын орташа жөндеу жұмыстары биыл мамырда басталғанмен, бүгінде 16 шақырымның тек 6,7 шақырымы, яғни 42 пайызына ғана асфальт төселген. Аяқталмай қалу қаупі бар.

Сондай-ақ Мойынқұм ауданында 2023 жылдан өтпелі саналатын Көкжелек ауылына кіреберіс жолының 4,7 шақырымын орта жөндеу жұмыстары әлі күнге басталмаған. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 70,2 млн теңге бөлінген болатын. Осы шаруаны қолға алған DAUREN BUILD ЖШС былтыр да облыста 19 жобаның жұмыстарын сапасыз атқарып, соңы үлкен дауға ұласқан еді. Енді тапсырыс беруші тарапынан сотқа талап-арыз жолданып, сот процесі басталды. Бұл жерде де жұмыстар аяқталмайды.

Меркі ауданында да қолға алынған 54 жобаның 16-сында жұмыстар басталмаған. Оның 15-і «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша іске асырылуға тиіс болған. Бір қызығы, 14 жобаны бір-ақ мердігер ұтып алған, ол – «Қазақ жолы 2050» ЖШС. 

Бұл ретте Меркі ауданында 2022 жылы 20 көшеде, 2023 жылы 16 көшеде жол жөндеу жұмыстары аяқталмай қалғанын айта кеткен жөн. Яғни, былтырғы кемшіліктер биыл да сабақ болмаған. Жыл басынан бері Сапа орталығымен 228 жерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 962 сынама алынды. Нәтижесінде 538 сынамада сәйкессіздіктер мен кемшіліктер анықталып, оларды жою бойынша шаралар қабылданды.