Су тасқыны: Арқалықта 6 ай бойы тығып отырған 2 вагон тамақ сасып кеткен (ВИДЕО)
Қайырымдылыққа қиянат жасау – еш ақтауға келмейтін дүние, - деді мәслихат депутаты
Көктемгі су тасқыны кезінде Арқалық қаласына Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген вагон-вагон гуманитарлық көмек халыққа жетпеген. Жергілікті белсенділердің айтуынша, 2 вагон азық-түлік санитарлық талаптарға мүлде сай келмейтін қоймада 6 ай бойы сақталған. Өнім салынған қапшық тозып, тесіліп қалған. Ұзақ уақыт бойы вагонның ішіндегі сыз-топырақта жатқан азық-түлік сасып кеткен, деп жазды Azattyq Rýhy.
Арқалықтың белсенділері Қостанай қаласының Антикорына арызданған. Жергілікті мәслихат депутаты Серік Төлекбаев әлеуметтік желіге осы мәселені көтеріп жазба қалдырған. Ал тағы бір белсенді ақсақал Әлмұрат Нұрғалиев әкімнің халықпен кездесуінде 5 вагонның есебін сұраған. Жауаптылар содан кейін бір-ақ қозғала бастаған. Онда да тек 2 вагон азық-түліктің айналасындағы мәселеге жауап берген болады, бірақ 3 вагон құрылыс материалының қайда екенін жан баласы білмейтін болып шықты.
Белсенділердің айтуынша, Арқалықтың әкімімен сөйлесу мүмкін емес. Олар мұндай жауапсыздықтан кейін әкім отставкаға өз еркімен кетуі керек деп санайды.
Торғайлық белсенді Әлмұрат Нұрғалиев төтенше жағдайлар кезінде жер-жерден келген гуманитарлық көмекті қабылдап, халыққа жеткізу штабында жұмыс істеген. Сол уақытта шетелден келген 5 вагон зат ұшты-күйлі жоғалды дейді ол.
Ақсақалдың айтуынша, белсенділер мәселені көтеріп, қойманы тауып, видео түсіріп, халыққа көрсеткеннен кейін бірен-саран адамдар келіп, оларға азық-түлік таратыла бастаған.
Азаматтардың айтуынша, 5 вагон гуманитарлық көмектің айналасындағы шудан кейін әкімдік оларды жалған ақпарат таратты деп кінәлаған.
Су тасқыны кезінде келген гуманитарлық көмекті үлестірумен айналысқан ерікті Қанат Әлімбаев 5 вагон көмектің келгенін волонтерларға ешкімнің тіс жарып айтпағанын еске салды.
«Азық-түліктің мерзімі өтіп кетті, 6 ай бойы қандай мақсатта ұстап отырдыңыздар?» деген сұраққа белсенділерге азық-түлік қоймасының есігін ашып көрсеткен ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Руслан Құрметов «үлестіріп жатырмыз, беріп жатырмыз» дегенінен танбай отыр. Белсенділердің дерегінше, Арқалыққа су тасқынынан 5 млрд 300 млн теңге зиян келген.
Редакция осы мәселе бойынша Қостанай облысы мен Арқалық қаласының әкімдігінен жауап күтіп отыр.