Қазына

Ұлттық тағамдарымызды күнделікті рационға кіргізуге бола ма? – маман кеңесі

Зиян деп тек бауырсақты айта аламын, - дейді ол

Ежелден қазақтың ұлттық тағамдары құнарлы, пайдалы, әл береді деген пікір қалыптасқан. Алайда бүгінде халық арасында бұл тағамдар майлы, ұннан дайындалатын болғандықтан, адам ағзасына зиян деген әңгіме пайда болды. Бұл рас па? Ұлттық асты күнделікті рационға қосуға бола ма? Бұл сұрақтардың жауабын Massaget.kz тілшісі диетолог Салтанат Болатбекқызынан сұрап көрген.

Диетолог алдымен ұлттық тағамдардың адам ағзасына қалай әсер ететінін түсіндірді. Оның айтуынша, ұлттық тағамдарды ата-бабамыз тұтынғандықтан, біздің ген ол тағамдарды таниды. Осыған байланысты, ағзамызға шетел өнімдеріне қарағанда ұлттық тағамдарды қорыту жеңіл әрі пайдалы болады.

Осы тұста Салтанат Болатбекқызы ұлттық тағамдарды зиянды және пайдалы деп екіге жіктеп, бауырсаққа ерекше назар аударды.

Сонымен қатар ол бауырсақ пісіру кезінде бір майды бірнеше рет пайдаланатындарға тоқталды.

Содан соң диетолог қазақтың ұлттық тағамдарының құрамына жеке-жеке тоқталды. Мысалы, талқан, тары секілді жарма түрлері глютенсіз өнімге жатады.

Ал қазы-қарта, жал-жая, сорпа, әсіп, қойдың майы, құйрық-бауыр пайдалы май түріне жатады. Сондықтан оны көбінесе таңғы ас кезінде тұтынған абзал. Мысалы, таңертең қазы-қартадан бутерброд дайындап жеуге болады. Пайдалы май негізінен өттің ағуына көмектеседі, ал оны ұлттық тағамнан алатын болсақ, біз үшін 2 есе пайдалы.

Сондай-ақ Салтанат Болатбекқызы қымызды ересек адамға да, кішкентай бүлдіршінге де тұтынуға болатынын жеткізді.

  • Біріншіден, ол пробиотикке жатады;
  • Екіншіден, асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсартады;
  • Үшіншіден, балалардың иммунитетін көтереді, тәбетін ашады.

Сонымен қатар маман ежелгі қазақтар ет өнімінен тек еттің өзін асып жегенін айтады.

Ұлттық тағамдарды күнделікті рационға кіргізудің қажеттілігі:

  • Қазы-қарта мен майсөкті аптасына 3-4 рет таңғы асқа жеуге болады;
  • Құйрық майды аптасына 2-3 рет таңғы асқа тұтынатын болсаңыз, өт жақсы жүреді;
  • Сүйек сорпасының құрамында асқазан-ішек жолдарының шырышты қабатын емдейтін зат бар, сондықтан оны аш қарынға ішу өте пайдалы. Бұл әсіресе тәттіге құмар, безеуден зардап шегетін, шамадан тыс тамақ ішетін адамдарға оң әсерін беріп, жақсы көмектеседі.

Алайда Салтанат Болатбекқызы қазақтың ұлттық тағамдары ұннан дайындалатындықтан, қуырғаннан майлы болатындықтан зиян деген пікірмен келіспейді.