Қайрат Сатыбалды неге 6-ақ жылға сотталды десеңіз...
67,6 млрд теңгеге жылжымайтын мүліктер сатып алған
2022 жылдың 26 қыркүйегінде Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айырған болатын.
Бұл ретте Қайрат Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің 2 бабы («Алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») бойынша айып тағылған. Кейін Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы («Ірі мөлшерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстату») бойынша айыптап, тағы бір қылмыстық іс бойынша басты сот отырысына қатыстырды.
Оның айтуынша, Қайрат Сатыбалды «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның 28 млрд 687 млн 940 мың теңге активтерін ысырап еткен және «Қазақтелеком» АҚ-ына 8 млрд 942 млн 105 мың теңге материалдық залал келтірген.
Қайрат Сатыбалдыұлының нұсқауы бойынша «Көліктік сервис орталығы» АҚ-дан ұрланған қаражат және «Қазақтелеком» АҚ-ға келтірілген залалдың қаржысы заңды табысқа айналдыру мақсатында және одан да көп табыс табу үшін өз қамқорлығындағы «ТехАльянс» ЖШС-ның жалпы айналымымен араласқан.
Сонымен, Сатыбалдының сатып алған нысандары:
- Қазақстанда – 34 млрд 863 млн теңге;
- Ресейде – 4 млрд 202 млн теңге;
- БАӘ-де – 20 млрд 413 млн теңге;
- Францияда – 4 млрд 150 млн теңге;
- Түркияда – 4 млрд 25 млн теңге;
- Барлығы – 67 млрд 655 млн теңге.
Сөйте тұра ол салық төлеуден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтарып келген. Ал сот отырысында өзі кінәні мойындау туралы процестік келісім жасау және заңсыз алынған активтерді қайтару туралы өтінішхат берген. Сот тараптарға осы мәселені шешуге уақыт белгіледі. Кейін уәде бойынша Қайрат Сатыбалдыдан бюджетке жалпы 732,8 млрд теңгенің активі (әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс үйлер, пәтерлер мен автокөліктер, компаниялардағы акциялар мен қатысу үлестері, теміржол мен ақшалай қаражат, шетелдік мүліктерімен қоса) түсті.
Аз мерзімге сотталу себебі, осылайша ол қылмысын толық мойындап, мемлекеттен ұрлаған қаржыны түгел қайтаруға келісімін берген-ді. Енді қазір сотталушының жалпы сомасы 50 млрд теңгеден асатын қосымша мүліктік активтерін мемлекет пайдасына қайтару туралы мәселе қаралып жатыр.
Оның сыртында Қайрат Сатыбалды 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды, «Құрмет», «Парасат» ордендерінен айырылған. Жазасын Шығыс Қазақстан облысында орналасқан ОВ-156/20 колониясында өтеп жатыр.