Табыс

Енді елімізде мемлекеттік мекеме өкілдері де бизнеспен айналыса алады

Мектеп директорлары мен бас дәрігерлерге қосымша табыс табуға рұқсат

Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Оның бір нормасы мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген азаматтарға өз ісін жүргізуге мүмкіндік береді.

Мұндай азаматтарға республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарда, коммуналдық мемлекеттік мекемелерде, оның ішінде мектептер мен ауруханаларда басқару функцияларын іске асыратындар жатады. Әңгіме бірінші басшылар, олардың орынбасарлары, мемлекеттік сатып алу бөлімдерінің басшылары мен филиал басшылары туралы болып отыр.

Сонымен қатар, тыйымды мына адамдар үшін сақтау ұсынылады:

  • тұрақты негізде өкілеттіктерді іске асыратын аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері;
  • Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның («Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ) қызметкерлері;
  • ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардағы менеджерлер (атқарушы органдардың басшылары, олардың орынбасарлары, сатып алу саласындағы басқармалардың басшылары және бюджеттен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға қатысатын бөлім басшылары).

Нақты айтқанда, бұл – мектеп директорлары мен бас дәрігерлерге бизнеспен айналысып, қосымша табыс табуға рұқсат беріледі деген сөз.