Бұқара

ІІМ алаяқтардың телефонмен жиі айтатын сөздерін жария етті

Олардың айласына түсіп қалмас үшін көпшілікке 5 кеңес те берді

Ішкі істер министрлігі телефон арқылы адам алдайтын алаяқтардың жиі айтатын сөздерін жариялады.

Алаяқтар көп жағдайда орыс тілінде сөйлейді және бірнеше сөзді жиі пайдаланады.

Олар:

«Сіздің ақшаңызды біреу ұрлайын деп жатыр (Ваши деньги пытаются похитить)»;

«Сіздің есепшотыңыз бойынша күдікті операция тіркелді (Зафиксирована подозрительная операция)»;

«Шұғыл SMS-пен келген кодты айтып беріңіз (Продиктуйте код из SMS)»;

«Тергеу жүріп жатыр, алаяқтарды ұстап беруге көмектесіңіз және ешкімге ештеңе айтпаңыз (Идут следственные действия, помогите задержать мошенников и не разглашать информацию)»;

«Несиеге өтініш рәсімделді (Оформлена заявка на кредит)»;

«Ақшаны арнайы және қауіпсіз есепшотқа аудару керек (Перевести деньги на специальный и безопасный счет)»;

«Сіздің банк картаңыздың/SIM-картаңыздың мерзімі өтіп барады (Истекает срок действия вашей банковской карты/SIM-карты)».

Осы орайда полиция алаяқтардың айласына түсіп қалмас үшін мынадай бірнеше кеңес берді:

  • күмәнді адамдардың телефон арқылы жасаған нұсқауын орындамаңыз;
  • жеке деректерді, банк карталарының CVV-кодтары мен реквизиттерін бөтен адамдарға бермеңіз;
  • күдікті сілтемелерге өтпеңіз;
  • қосымшаларды орнату үшін тек ресми қолданбаларды пайдаланыңыз;
  • шотыңыздағы ақша айналымын жиі тексеріп отырыңыз.