Алматыда 50 Cent-тің кепкасын қағып алған жігіт 80 млн теңгеден бас тартты
Кепка уақыт өте келе өз құнын арттырады, - дейді ол
2023 жылдың қарашасында Алматыда өткен 50 Cent-тің The Final Lap Tour әлемдік турының бір концертінде болған ерекше жағдай медиа мен әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Концерт барысында рэпер кепкасын көрермендерге лақтырып, оны Дархан есімді жас жігіт қағып алды. Сол кезде кепка қызу талқыланып, оған 20 миллион теңге, көлік және пәтер ұсынғандар болған. Бұл туралы Tengri Life порталы хабарлады.
Дарханның айтуынша, кепкаға қатысты талқылаулар бәсеңдегенмен, оны сатып алуға ұсыныстар әлі де түсіп жатыр. Ең ірі ұсыныс былтыр бір бизнесменнен келген. Ол кепка үшін 80 миллион теңге ұсынған.
Көп ұсынысқа қарамастан жігіт кепканы өзінде қалдырған. Себебі ол үшін бұл зат – өміріндегі маңызды сәттің естелігі ретінде ерекше құндылыққа ие.
Сондай-ақ ол кепкаға пәтерінде арнайы орын бөлгенін, оны әдемі шыны қорапқа салып қойғанын айтты. Сол арқылы әрқашан сол айтулы күнді еске түсіріп отыратынын жеткізді.
Дархан біраз уақыт бұрын 50 Cent-тің кепкасына қолтаңбасын алу идеясы пайда болғанын да айтты. Тіпті, белгілі қазақстандық рэпер Скриптониттен де қолтаңба алуды ойлаған. Осылайша, екі музыкалық аңызбен байланысты ерекше артефакт жасағысы келген. Алайда уақыт өте келе Дархан бәрін сол қалпында қалдыруды жөн көрген.