Қазақстанда жастар үй алуға ақшаны қалай жинай алады?
«Отбасылық пакет» арқылы қаражатты тиімді жинақтауға болады
Белгілі бір жасқа келгенде кез келген адам білім алуды, өмірлік жолын таңдауды ойластыра бастайды. Әсіресе, жастарды әке-шешенің қолына қарап отыра бермей, үйлі болу мәселесі толғандырады. Әлбетте, алдымен ойға пәтерді жалға алу келеді. Мейлі, бөтен біреудің үйі болса да адам тезірек бөлек шығуды қалайды. Алайда қазіргідей бір бөлмелі пәтерлердің құны шарықтап тұрғанда ақылға салып, шыдай тұрған жөн, оның үстіне мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді сауатты пайдалана білген дұрыс.
Ұлттық қорды тиімді пайдалану
Бұған дейін де «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының арқасында 18-ге толмаған әрбір жас отандасымыздың арнайы жинақ шотына Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы аударылып отыратыны туралы аз жазылған жоқ. Олар кәмелеттік жасқа толғанда осы жинақты жоғары білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсай алады. Қазір екінші мақсатқа тоқтала кетейік...
Тұрғын үй жағдайын жақсарту дегеніміз:
- тұрғын үйді Ұлттық қордағы қаражатты пайдаланып сатып алу;
- ипотекалық қарызды толық немесе жартылай мерзімінен бұрын өтеу;
- ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарнаны беру, оның ішінде үйді жөндеу;
- Отбасы банктегі депозитін толтыру.
Мәселен, биыл еліміздегі балалардың шотына 100 доллардан түскен. Кейбір ата-ана оны азсынуы мүмкін. Бірақ мемлекет беріп отыратын бонустардың арқасында соны айтарлықтай көбейтуге болады. Мұны Отбасы банктің мамандары да түсіндіре алады.
Берілген қаражаттың берекесі
Өз кезегінде Отбасы банк тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесін іске асырып келеді. Оның көмегімен қаражат жинақтай отырып, келешекте жеке пәтер немесе үй сатып алу үшін өте төмен мөлшерлемемен 3,5%-дан бастап (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін), жылдық мөлшерлемесі 8,5% (ЖТСМ 9%дан 9,6%ға дейін) несие алуға болады. Мұндай жағдайда Ұлттық қордан алынған қаражат жас отандасының жинақ шотына аударылып, кейін баспана аларда бастапқы жарна бола алады.
Егер депозитті биыл толтырсаңыз, онда банктің сыйақысынан бөлек, 2025 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік сыйақыны да қоса ала аласыз. Ол 200 АЕК-тен аспайтын соманың 20%-ы көлеміне беріледі. 2024 жылы бұл – 738 400 теңге.
Егер осы қаражатты жыл бойы өз депозитіңізде жинақтасаңыз немесе бір мезетте өз шотыңызға салсаңыз, онда 2024 жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары мемлекеттік сыйақы – 147 680 теңгені ала аласыз.
Сондай-ақ «Отбасылық пакет» арқылы қаражатты тиімді жинақтауға болады. Отбасыңыздың бірнеше мүшесіне – анаңыз, әкеңіз, ағаңыз, әжеңіздің атына бірден бірнеше депозит ашу арқылы жыл соңында әрбір салым үшін есептелетін мемлекеттік сыйақы мөлшерін еселей аласыз. Кейін барлық ашық депозиттердегі ақшаны біріктіріп, барлық туыстарыңыздың сыйақы сомасын сақтай отырып, тиімді шарттармен заем алуға болады.
Оған қоса Отбасы банкінде балаларға арналған «Арнау» депозиті де бар. Шарттары: несие сомасының 50%-ын кемінде 10 жылдай депозитте жинақтау қажет. Мұрагер 18 жасқа толған соң жиналған сомаға Ұлттық қордан алған ақшаны қосып, жылына небәрі 2%-дық мөлшерлемемен (жылдық ЖТСМ 2%-дан бастап 6%-ға дейін) тұрғын үй заемын ала алады.
Айтқандай, қазірдің өзінде «Ұлттық қор – балаларға» мемлекеттің бағдарламасының алғашқы қарлығаштары Ұлттық қордан алған қаражаттарын игере бастаған.