Қыш күйдірген қазақ қызы Түркияда танылған
Сыртта жүріп қазақтың ою-өрнегі бар кесе, табақ, құмыра жасап танылған шебер Қарағандыға келуді жөн санайды
Қыш өнерінің шебері Гүлжан Әбдіқашеваның керамика саласында еңбек етіп жүргеніне – 8 жыл. Бұған дейін Түркияда оқып, біліп келгенін Қарағанды қаласында әрі қарай жетілдіріп отыр.
Айта кетсек, Гүлжан тұрмысқа шыққаннан кейін жолдасымен Түркияға барып, сол жақта тұрақтаған.
«Түрік елінде әйелдер үй жұмысына қарайды. Ерлері – асыраушы. Бір жағынан тіл білмегендіктен маған алғашында қиындау болды. Мамандығым экономист болғандықтан үйде отырып қалдым. Ол жақта да әйелдерге мемлекет тегін курстар оқытады. Үйде отырып, тігін тігуді, басқа да іспен шұғылдануды үйретеді. Маған керамикамен жұмысты қалай істеуге болатыны туралы курс бірден ұнады. Жолдасым Атилла Ишиксал да қарсы болмады. Оқып, білім алып шықтым.
Шеберлік оған жайдан жай келмесе керек. Әкесі де суретші болған екен.
«Мен бұған дейін қыш шебері боламын деп ойлаған да жоқпын. Бірақ курсты бітіргенде осы өнерге қатты ғашық болдым. Бала кезімде музыка мектебіне, фортепиано сыныбына бардым. Қобыз сыныбы бар болатын, үндері жүрегімді кернеп, қатты ұнататынмын.
Түркияда жүргенде Гүлжанның туындыларына жоғары баға берген шеберлер өнер фестивалі немесе көрме өткенде арнайы шақырып тұрған.
Қолөнерге қызыққан Гүлжан ел тарихы мен осы салада жазылған көп кітапты оқыған. Көрмеге Қырғызстан мен Моңғолиядан келген шеберлерден кеңес алған. Сөйтіп таным мен білім көкжиегін кеңейтеді.
Түркияда жүріп қазақтың ою-өрнегі бар кесе, табақ, құмыра жасап танылған шебер Қарағандыға келуді жөн санайды. Бүгінде ол Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі. Қалада өтетін жәрмеңке мен көрмелерде бұйымдары менмұндалап тұрады.
Гүлжан туындыларын қыштан жасайды. Арнайы жалға алып отырған шеберханасы бар.
Әр шебердің өз стилі болады. Гүлжан болса, ашық түсті қалайды. Оның қолынан шыққан туындылардан даланың иісі шығады. Балшықпен жұмыс істеу Жер мен Судың бастапқы элементтерінің энергияларымен байланысын қалпына келтіріп, бір жағынан тұрақтылық, беріктік, сенімділік, екінші жағынан эмоционалдылық сезіммен қатар, үлкен ресурс беретінін айтады кейіпкеріміз.
«Маған «икат» өрнектері өте ұнайды. Ол – Шығыстың визиттік картасы. Әдемі және оңай орындалады, әсіресе фарфорда. Өзіңізді қолөнерші ретінде сезінуге жетелейді» дегенді де қосты ол.
Ыдысты ғана емес, сәндік алқа, сырғаны қыштан жасаған Гүлжан Қабышқызы сазсырнайды да қолға алған.
Бүгінде Қарағанды қаласына ғана емес, елімізге танымал болып қалған шебер жас қолөнершілерді де баптап жүр.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ