ШҚО-да алаяқ колонияда отырып, кәсіпкерден 50 млн теңге иемденіп алған
Ақшаны шығару үшін ол бизнеспен айналысатын бұрынғы әйеліне жүгінген
Шығыс Қазақстан облысында ер адам колонияда отырып алаяқтық жасаған. Бұл туғалы «Время» басылымы хабарлады.
Өскемен қаласының тұрғыны Адлет Әбдірахманов хоккеймен айналысып, жергілікті командада ойнап, тіпті балаларды жаттықтырған. Алайда ол виртуалды спортқа әуестеніп, букмекерлік кеңселерге үлкен ставкалар қойып кеткен. Өз ақшасы ставкаларға жеткіліксіз болғандықтан, бұрынғы спортшы алаяқтықтың жаңа түрін ойлап тапқан.
Күдікті адамдарды спорттық құрал-жабдықтарды сатып алу және сату кәсібіне ақша салуға шақырған. Жұртты бұл кәсіпті Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковамен бірге жүргізіп жатырмыз деп сендірген. Жас хоккейшілердің ата-аналары және басқа да таныстары осы кәсіпке инвестиция салып, пайда таппақ болады. Кейбірі 100 мың теңгеден, енді біреулері бірнеше миллион берген. Бұл қаражаттың барлығын ер адам ставкаларға жұмсаған.
Былтыр Өскемен қаласының соты ойынға тәуелді азаматқа қатысты екі үкім шығарды. Күдікті 5 жылға бас бостандығынан айырылған.
Әбдірахманов жазасын орташа режимдегі колонияда өтеп жүрген. Көктемде су тасқынынан зардап шеккендерге демеушілік көмек көрсету туралы жаңалықтардың бірінен демеуші туралы ақпарат тауып алып, интернеттен кәсіпорындардың бірінің директорына тиесілі ұялы телефон нөмірін тауып, бүркеншік ат арқылы әрекетке кіріскен. Өзін Дархан Сапановпын деп таныстырған ол серіктестік басшысына телефон соғып, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуді сұраған.
Ақшаны шығару үшін Әбдірахманов бизнеспен айналысатын бұрынғы әйеліне жүгінген. Ол колонияға тігін машинасы қажет деп, қаражатты өз шотына аудартып алған.
Бұл ақша біткен соң алаяқ бұрынғы әйеліне тағы ұсыныс жасайды. Ер адам су тасқынынан зардап шеккендерге демеушілік көмек көрсету үшін ақша жинап жатқанын айтып, әкімдік субсидия береді деп уәде береді.
Кәсіпкер оның айтқанына сеніп, күн сайын қомақты сомалар жіберіп отырған. Мамыр айында ең үлкен аударым 6 миллион теңгеге жетті. Ал жалпы сома 50 миллион теңге болды.
Алданған кәсіпкер бастапқыда мүлде күманданбаған.
Ақша қайтарылмаған соң, әйел нағыз Сапановтың телефон нөмірін тауып, оған хабарласып, алаяқтықтың құрбаны болғанын түсінген.
Әбдірахмановтың осы әрекеті үшін кінәлі деп танылып, сот үкімі бойынша тағы 8 жылға қатаң режимдегі колонияға қамалды.